Понедельник, 25 ноября, 2024

Каспий теңізі тартылып жатыр

Эколог мамандар көк айдынға экологиялық мониторинг жасап, апатты болдырмаудың нақты шешімін табу керек деп дабыл қағуда, деп жазады ARDA-AKPARAT.

Соңғы жылдары Каспий теңізі тартылып, теңіз деңгейі жағалаудан 29 жарым метрге дейін кеуіп кеткен. Мамандар мәселе шұғыл шешілмесе, Аралдың кебін киіп қалуы ықтимал деген болжам айтады.

Каспий теңізінің бұлай тартылуы соңғы рет 1976 жылы байқалған. Ол кезде су деңгейі 29 метрге дейін төмендеп кеткен екен. Каспий жағалауының қазақстандық бөлігі 2300 шақырымды құрайды. Оның жартысынан көбі Маңғыстау өңірін алып жатыр.

«2022 жылдық есеп бойынша судың тартылуы минус 29,03 метрді құрады. Ал қазіргі есепке келетін болсақ, -29,36 метрді құрап тұр. Бұл дегеніміз бір жылдық есеп бойынша 33 см-ге төмендегенін көрсетеді», – дейді «Қазгидромет» РМК Маңғыстау облыстық филиалының маманы Айдын Жарылғапова.

Су деңгейінің төмендеуіне себеп көп. Оған климаттың өзгеруі, ауа температурасының көтерілуі қатты әсер етуде. Салдарынан теңіздің булану деңгейі күрт өскен.

Эколог Орынбасар Тоқжановтың айтуынша, 1976 жылғы деңгейге 50 см-дей қалды. Ендеше 1,5 жылдың ішінде ол соңғы 400 жылдың ішіндегі ең төмендеген деңгейіне бір жыл жарым көп болса, 2 жылда жетіп барады деген сөз. Одан әрі қарай да төмендей беретіні сөзсіз. Себебі: келіп құятын су көбейіп тұрған жоқ.

Каспийге шамамен 130 өзен келіп құяды. Бұрын Еділ өзенінен жылына 280-290 текше шақырым су құйылатын болса, соңғы жылдары ол 35-40-қа дейін азайып кетті. Оған өзен жағалауында елдімекендер көбейіп, су тұтыну бірнеше есе артқаны себеп. Соның салдарынан Каспийге келетін судың мөлшері азайған көрінеді.

«Ғылыми негіз бойынша жалпы әр 0,5 см теңіз деңгейі төмендейтін болса, оның экожүйесіне, су жәндіктеріне зиянын тигізеді. Ғалымдар болжауынша, егер теңіз 2100 жылға дейін 18 см төмендесе, онда бүкіл теңіздің 25 пайызы жойылып кетуі мүмкін. Біз қазірден бастап қолға алып, алдын алу жолдарын қарастырмайтын болсақ, бұл Каспий теңізі Арал тағдырын қайталауы мүмкін деген ойдамын», – дейді Есенов атындағы Каспий инжиниринг университетінің ғылым және зерттеу басқармасының басшысы Самал Сырлыбекқызы.

Каспий теңізін зерттеу интитуты құрылып, мониторинг жасалуы тиіс. Сонда үрей мен болжамнан гөрі, экологиялық апатты болдырмаудың нақты шешімі табылмақ деген ой айтты мамандар.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған