Мәдениет және спорт министрлігі азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесіне өзгерістер енгізу туралы Үкімет қаулысының жобасын дайындады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Қаулы жобасын іске асыру республикалық және жергілікті бюджеттерден қосымша қаражатты қажет ететіні көрсетілген.
«2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттен қосымша қажеттілік 11 584 мың теңгені құрайды, оның ішінде:
2023 жылға − 3 144 мың теңге;
2024 жылға − 3 843 мың теңге;
2025 жылға − 4 597 мың теңге.
Жергілікті бюджеттен қосымша қажеттілік 2023-2025 жылдарға 4 906 мың теңгені құрайды, оның ішінде:
2023 жылға − 1 628 мың теңге;
2024 жылға − 1 628 мың теңге;
2025 жылға − 1 650 мың теңге», — делінген қаулы жобасында.
Құжатқа сәйкес, бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының «Халық» құрметті атағы бар және республиканың құрметті атақтарына ие болған қызметкерлер үшін үстемеақыны базалық лауазымдық жалақыдан 50%-дан 100%-ға дейін арттыруды, ал бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының «Еңбек сіңірген» құрметті атағы бар және республиканың құрметті атақтарына ие болған қызметкерлер үшін базалық лауазымдық жалақыдан өзгеріссіз 30%-ға дейін қалдыруды көздейді.
Құжатты дайындаудың негізгі мақсаты мемлекет тарапынан өнер қайраткерлерінің еңбегін бағалау, өнер қайраткерлерінің кәсіби қасиеттерін дамыту және жетілдіру делінген.
Қаулы жобасын жария талқылау 10 ақпанға дейін жалғасады.