Среда, 27 ноября, 2024

Халықаралық көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыру қажет — Үкімет басшысы

Халықаралық көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыру қажет. Премьер-Министр салалық министрлікке тапсырмалар берді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Үкімет басшысының төрағалығымен өткен кеңесте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев республика аумағында жалпы ұзындығы 13 мың шақырымға жуық 8 автомобиль транзиттік дәлізі бар екенін баяндады.

Қазіргі уақытта «Алматы — Талдықорған — Өскемен — Шемонаиха — РФ шекарасы» (768 км), «Ақтөбе — Атырау — РФ шекарасы» (746 км), «Майқапшағай — Қалбатау — Семей — Павлодар — РФ шекарасы» (415 км) және «Алматы — Астана — Петропавл — РФ шекарасы» (31 км) трассаларында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

2030 жылға дейін «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» (1 363 км) және «Астана — Қостанай — РФ шекарасы» (830 км) дәліздері мен «Атырау — Орал — РФ шекарасы» (587 км) трассаларын І техникалық санатқа сәйкестендіріп жаңарту жоспарланып отыр.

Премьер-Министр бұл жұмысты көршілес елдердің уәкілетті мемлекеттік органдарымен үйлестіре отырып, Ресей мен Қытайға қарай логистикалық бағыттарды және Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуды жандандыру қажеттігін атап өтті. Үкімет басшысының айтуынша, бұл тәсіл мемлекеттер арасындағы автожолдардың түйіскен жеріндегі «тар жолдарды» тезірек жоюға және соның арқасында жүк айналымын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

«Халықаралық автомобиль және басқа да логистикалық дәліздердің өткізу қабілетін арттыру қажет. Жалпы, осы жұмысқа серпін беру керек. Сонымен қатар, өткізу бекеттерін жаңартуға да назар аудару қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Кеңес қорытындысы бойынша ИИДМ-ге нақты тапсырмалар берілді.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған