Халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында 563 мың жұмыс орны құрылды. Бұл туралы ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды Arda-ақпарат.
«Негізгі азық-түлік тауарларымен толықтай ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін орта мерзімді Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жоспары іске асырылуда. Биыл бірқатар азық-түлік тауарлары бойынша өндірістің айтарлықтай өсуіне қол жеткізілді. Бұл бағытта маусымаралық кезеңде азық-түлік тауарларының инфляциялық процестерін тежеу үшін форвардттық қаржыландыру кеңінен пайдаланатын болады. Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы іске асырылуда. Табысты қолдау аясында 3 млн-нан астам адамның жалақысы көтерілді», — деді Әлихан Смайылов.
Оның атап өтуінше, дәрігерлердің жалақысы – 30 пайызға дейін, мұғалімдердікі – 25, бюджет сферасының басқа қызметкерлерінің жалақысы – 20, өндірістік персоналдың жалақысы 10-50 пайыз аралығында ұлғайтылды. Бағдарламаны іске асыру шеңберінде биыл 11 айда 563 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл жоспардан 27 пайызға көп.
«Республикалық бюджеттің кірістері 11 айда 101,9 пайызға орындалып, 9,7 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдан 46 пайызға көп. Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс халықаралық сарапшылардың оң бағасын алуда. Standard and Poor’s және Fitch агенттіктері Қазақстанның егеменді кредиттік рейтингісін инвестициялық сенімділік деңгейінде растап отыр», — деді Үкімет басшысы.