Атырауда шақалаққа хиджама жасаған орталық жабылады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Атыраудағы орталық тексеріліп, ондағы санитарлық-эпидемиологиялық бұзушылық болғандықтан, орталықты жабу рәсімделіп жатыр. Бұл «ем» – медициналық рұқсат етілген қызметке жатпайды, сондықтан қазір заң жүзінде оған рұқсат ету керек пе, жоқ па, арнайы жұмыс тобы құрылып, дәстүрлі медицинамен айналысатын мамандармен бірге талқыланып жатыр», — деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет кулуарында тілшілерге берген сұхбатында.
Сонымен бірге, Атыраудағы оқиғадан кейін дәрігерлерге халықтың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тапсырма берілген.
«Хиджама жасайтын орындар жеке медициналық орталық болып саналады. Барлық жеке медициналық орталықтарды тексеру үшін баса-көктеп кіре алмаймыз, бұзушылық туралы арыз болғанда ғана заң бойынша прокуратурамен бірігіп, тексере аламыз», — деп түсіндірді министр.