Көкшетау қаласында 50 жастан асқан үш әйел жылыту құбырынан атқылаған ыстық суға күйіп қаза тапты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Қайғылы оқиға 2023 жылдың 2 қаңтарында болған.
«2 қаңтарда сағат 04:44-те Көкшетау қаласы полициясына үйлердің бірінде жылыту жүйесіндегі ақау салдарынан ыстық су атқылағаны туралы хабарлама келіп түсті. Осы дерек бойынша жедел-тергеу тобы пәтерге келді. Анықталғандай, пәтерде жылу құбыры жарылып, соның салдарынан бөлмені ыстық су басып кеткені анықталды.
Пәтер ішінен құлыптаулы болған. ТЖД қызметкерлері есікті бұзып кірді. Тексеру барысында полиция қызметкерлері 50, 56 және 59 жастағы үш әйелдің: үй иесі мен оның екі құрбысының денесін тапты. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, әйелдер өлімінің себебі – күйіктен болған шок», — деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
Қазір үш адамның өлімі бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалған. Тергеу жүріп жатыр.