Енді Шымкенттегі жекеменшік мектептің бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақтың орнына күніне 458 теңге беріліп отырады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Мұндай қаулыға қаладағы ата-аналар қарсы. Себебі бұл ештеңе жетпейді. Білім басқармасының басшысы бұл жемқорлықты жоюдың жалғыз амалы дейді.
Шымкентте он күн бұрын оқушыларға тегін тамақтың орнына күніне 458 теңге беріледі деген қаулы шықты. Бұған шымкенттік ата-аналар қарсы. Бірі шоты бұғатталып, ақшаны алу қиындайтынын айтса, бірі айына берілетін 10 мың теңгеге күнде тамақтану мүмкін емес екенін айтты.
Қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы шымкенттік білім басқармасының шешімін сынға алды. Айтуынша, нарықтағы азық-түлік бағасы қайта көтеріліп, теңге тағы да құнсыздануы мүмкін.
“Ертең азық-түлік қымбаттап кетсе, не болады? Кеше ғана макарон өнімдері, ұн қымбаттады деп айтылды. Енді екі-үш айдан кейін энергия көздері қымбаттаса, онда бірден азық-түлік қымбаттап кетеді. Сонда 500 теңге қайда жетеді? Оны кім ойлап тапқан? Кім ойлап тапса да, өте қате шешім”, – деді қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы.
Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы осылай сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендететінін мәлімдеді күреспек. Сонымен қатар ата-аналардың мектепте берілетін тегін тамаққа көңілдері толмайтынын жеткізді.
“Шымкенттегі прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік, ІІМ қарасты мекемелер бар. Баланың тамағына жауапты көптеген құзырлы органдардың шешімімен ашықтық, тазалық, ата-ананың тікелей қадағалау мүмкіндігіне ие болу жолдары есепке алынды”, – деді Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.
Шымкентте 114 жекеменшік мектеп бар. Онда бастауыш сыныптарда 20 мыңнан аса оқушысы білім алады.