ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Руслан Сейсембаев Қазақстандағы лаңкестік әрекеттер жасауға оқталу деректері туралы айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Оның айтуынша, Қазақстанда лаңкестік қауіп тұрақты түрде сақталып отыр. Спикер жыл сайын кем дегенде екі лаңкестік әрекеттің алдын алатынын атап өтті.
«Мәселен, биыл ғана дайындықтың бастапқы кезеңінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қолдан жасалған жарылғыш құрылғымен жару әрекетінің, сондай-ақ Астанадағы адам көп жиналатын жерлерде қарулы шабуылдың алдын алдық. «ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үшін террористік қатерлердің қалыптасуы бірқатар үстем фактордың әсерінен болады» деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді», — деді Р. Сейсембаев ШЫҰ Кеңесінің 40-шы отырысында.
Оның айтуынша, соңғы үш жылда ШЫҰ елдерінде кем дегенде 80-ге жуық атышулы лаңкестік әрекет жасалған. Дегенмен биыл күрт өсім байқалды. 2022 жылы 18 лаңкестік әрекет болса, 2023 жылы 47-ге жеткен.
«Лаңкестердің қолынан 400-ден астам бейбіт тұрғын қаза тауып, 940-қа жуық адам жарақат алды. Зорлық-зомбылық әрекеттерінің жолын кесу үшін қауіпсіздік күштері мен құқық қорғау органдары 300-ден астам антитеррорлық операция жүргізді. 1600 лаңкес пен олардың сыбайластары ұсталды. Билікке қарсылық көрсеткен 60-қа жуық қылмыскердің көзі жойылды», — деді Руслан Сейсембаев.