Қоғам арасында букмекерлік кеңселерге тыйым салынса, ел миллиардтаған салықтан айырылады деген пікір бар. Алайда Мәжіліс депутаты Руслан Берденов кеңселер елдегі жалғыз ірі салық төлеуші емес екенін айтып, Мемлекетке үлкен көлемде салық төлейтін басқа да көптеген бизнес түрлері бар екенін алға тартты. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Оның айтуынша, лудомания мен ойынқұмарлықты емдеуге орта есеппен 1 триллион теңгеден астам қаражат қажет.
«Өйткені шын мәнінде елімізде бұл аурумен миллионнан астам адам зардап шегеді. Емдеу кем дегенде алты айға созылады, дегенмен толық айығып шығады деген кепіл жоқ. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мәліметі бойынша, 2022 жылы 20% немесе 31 мың қылмыстық құқық бұзушылық құмар ойындарға қатысты орын алған. Осы кезеңде 3676 суицид тіркелсе, оның әрбір бесінші оқиғасы құмар ойындармен байланыстырылады. 2022 жылы 32 мыңға жуық азамат заң бұзып, құмар ойындарға қатысты бап бойынша түрмеде отыр. Оларды ұстауға 76 млрд теңге жұмсалып жатыр», — деп жазды Руслан Берденов.
Сондай-ақ, ол ойын бизнесі зардаптарының адам капиталына, отбасы институтына және балаларымыздың болашағына тигізетін зиянды әсері өлшеусіз екенін атап өтті. Мәселен, еліміздегі отбасылардың 38% құмар ойындардың салдарынан ажырасуға өтініш береді. Одан да қорқыныштысы, біздің елде қазірдің өзінде 700 000-ға жуық мектеп оқушысы құмар ойынның құлы болған.
«Сонымен бірге олар бізді букмекерлік кеңселермен күресуден басқа ештеңе істемейді деп айыптауға тырысып жатыр. Алайда, бұл — нонсенс. Тек қана букмекерлік кеңселерді сынаумен айналысқаннан бізге қандай пайда бар, ойлап көріңізші… Түк те, бізге ұрпағымыздың амандығы, болашағымыз қымбат. Қызығушылық танытқан адамдар қол жетімді әдістерді қолдана отырып, өз бизнесін сақтап қалу үшін бізбен күресіп жатқанын бәрі түсінеді. Өкініштісі, олар үшін қасиетті ештеңе жоқ», — деп жазды Руслан Берденов.