Среда, 27 ноября, 2024

Мәдениет және спорт министрлігі 3 букмекерлік кеңсені сотқа берді

Мәдениет және спорт министрлігі 3 букмекерлік кеңсені лицензиясынан айыру үшін сотқа жүгінді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

«Мәдениет және спорт министрлігі 3 букмекерлік кеңсенің лицензиясын сот тәртібімен тоқтату бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Жыл басынан заңнаманы бұзған 5 букмекерлік кеңсенің қызметі тоқтатылды», — делінген министрлік ақпаратында.

Мәлім етілгендей, Қазақстанда букмекерлік кеңселер саны 2 еседен астамға азайды. Егер 2021 жылдың басында осындай 38 кеңсе жұмыс істесе, бүгінде олардың саны – 16. Ал оның ішінде іс жүзінде жұмыс істейтіндері – 12.

Букмекерлік кеңселердің санын азайту үшін Мәдениет және спорт министрлігі түсіндіру жұмысын жүргізуде. Мысалы, соңғы 3 жылда букмекерлік кеңселер 15 лицензияны өз еркімен тапсырған.

«Министрдің тапсырмасы бойынша осы бағыттағы жұмыс күшейтілетін болады. Бүгінгі таңда Мәдениет және спорт министрлігінің қатысуымен ойын бизнесі және лотерея қызметі саласындағы заңнамаға 62 түзету, сондай-ақ ілеспе нормативтік-құқықтық актілерді көздейтін 3 заң жобасы әзірленді. Сондай-ақ, біз ойын бизнесінің жарнамасымен күресу үшін заңнамалық деңгейде түзетулерге бастамашы боламыз», — деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған