Пятница, 29 ноября, 2024

Мәдениет және спорт министрлігі отандық фильмдерді Netflix-те орналастыру мәселесін пысықтап жатыр

Мәдениет және спорт министрлігі отандық фильмдерді танымал стримингтік платформаларға орналастыру мәселесін пысықтап жатыр. Бұл Netflix, YouTube, Megogo, BeeTV платформаларына қатысты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Ведомство Қазақстан Республикасының 2023-2027 жылдарға арналған мәдениет саясатының тұжырымдамасын жариялады.

«Қазақстандық мәдени өнімді іске асыруға және отандық киноиндустрияны дамытуға қазақстандық фильмдерді белгілі стримингтік платформаларға (Netflix, YouTube, Megogo, BeeTV және басқалары) және онлайн кинотеатрларға шығуы сияқты жаңа әдістер пайдаланылатын болады», — делінген құжатта.

Тұжырымдамада «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі жанынан анимациялық кино саласындағы жетекші отандық және шетелдік мамандардан оқыту курстарын, біліктілікті арттыру курстарын, шеберлік сыныптарды құру жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек отандық кино өндірушілерді мемлекеттік қолдау шеңберінде жылына кемінде 10 анимациялық және кең дистрибуцияланған фильмдердің, сондай-ақ отбасылық көруге арналған шетелдік премьералық фильмдердің дубляжын қамтамасыз ету мәселесі туралы да айтылған.

«Жоба шеңберінде Paramount Pictures Corporation, Walt Disney Pictures, Nickelodeon, TiJi телеарналары сияқты киностудиялармен ынтымақтастық орнату шеңберінде қазақстандық анимациялық фильмдер мамандарын оқыту үшін жетекші шетелдік анимациялық студиялар мен телеарналардың мамандарын тарту мәселесі пысықталуда. Отандық мәдени мұраны цифрлық киноколлекция форматында сақтау мақсатында жылына кемінде 5 толықметражды көркем фильмді цифрландыру және реставрациялау қамтамасыз етілетін болады», — делінген ведомство құжатында.

Тұжырымдамаға сәйкес, фильмдер мониторингінің бірыңғай ақпараттық жүйесі әзірленбек.

«Инновациялық жүйелердің белсенді дамуына фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құру жөніндегі жұмыс ықпал ететін болады. Бұл ақпараттық жүйе бүгінгі таңда өндірісті, прокатты жүйелеу үшін жетіспейтін мүмкіндіктерді ашады, фильмдерді жылжытудың толық тарихын бақылауға, сәтті немесе сәтсіз жобаларды анықтауға, жаңа картиналар өндірісінде алған тәжірибені қолдануға мүмкіндік береді», — деп жазылған құжатта.

Ақпаратқа сәйкес, ірі шетелдік кинокомпанияларды тарту үшін Шарын каньонын, Алматы таулы жерін, Каспий теңізін, Маңғыстау облысының шөлді бархандарын пайдалану жөніндегі шаралар ықпал ететіндігі көрсетілген.

«Қазақстандық мәдени брендті орналастырудың және креативті индустрияларды дамытудың бір түрі мәдениет және өнер өкілдерінің «Подкасттар» телебағдарламалары мен радио-айдарларының жаңа форматына қатысуы болады. Осы жобалар шеңберінде ең өзекті тақырыптар талқыланады», — делінген тұжырымдамада.

Министрліктің мәліметінше, қолданыстағы «Кинематография туралы» заңның мемлекеттік қаржылық қолдау алған фильмдерді ілгерілету және прокаттау, қазақ тіліне дубляждалған ұлттық, отандық және шетелдік фильмдерді ілгерілету және прокаттау бөлігінде түзетулер енгізу мәселелерін пысықтау жоспарланған көрінеді.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған