Маңғыстау облыстық ауруханасында өрт шығып, ғимараттан 470 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Бұл ақпаратты облыстың құтқару қызметінің ресми көздері растады.
20 қыркүйекте сағат 22:38-де полицияға аталған медициналық мекемеде түтін шыққаны туралы хабарлама келіп түскен.
«Дереу құтқару бригадалары қоңырау шалған жерге жөнелтілді. Олар келгеннен кейін аурухананың 6 қабатты ғимаратындағы урология бөлімінің үшінші қабатында орналасқан желдету жүйесінде түтін шыққаны анықталды», — делінген хабарламада.
Нәтижесінде 470 адам эвакуацияланды, оның 150-ін төтенше жағдайлар қызметінің күші шығарды. Оқиғадан зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
Құтқарушылар тобы тұтанған өртпен күресіп, сағат 23:31-де сөндірді. Қазір түтіннің шығу себебін анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Маңғыстау облыстық ауруханасы жұмысын штаттық режимде жалғастырғаны хабарланды.