Елімізде шешімін табуды қажет ететін әлеуметтік түйіндер аз емес. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық, моноқалалар мен өңірлерде жұмыс орындарының жетіспеушілігі, жасөспірімдер қылмысы, нашақорлық т.б. Алайда базбір депутаттардың сөйлеген сөзі мен ұсыныс-идеясына қарап, елде вейп, электросамокат немесе ойын бизнесінен басқа өзекті мәселе жоқ па деп қаласың.
Жанұядағы жанжал: күніне 300 шағым
20 қараша күні Бас прокуратура ішкі істер министрлігімен бірлесіп, жаға ұстатарлық деректерді жайып салды. Жанұядағы жанжалға қатысты күніне полицияға шамамен 300 шағым түседі екен. Жуан жұдырықты оспадар отағасыдан балалар да зәбір көреді. Бұл белгілісі ғана. Ал «102»-ге қоңырау шалмай, жылы жауып қоятыны қаншама?
Биылғы 10 айда 50 мың отбасыдағы бұзақы әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 700-ден астам тұрғынға қылмыстық іс қозғалды. Үрейлі статистика. Мұның өзі сотқа жеткен істер екенін естен шығармайық. Әлеуметтанушылар бұл көрсеткіш 15-20 есе көп деген пікірде. Жасыратыны жоқ, көп әйел тәртіп сақшыларына жүгінуден қорқады немесе олардың шағымы еленбейді. Айталық, прокуратурада Қостанай облысында әйел күйеуінің қолынан қаза болмас бұрын 49 рет полицияға жүгінгені туралы айтылды. Заңгерлер тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың төркінін полицейлердің салғырттығынан ғана емес, шұғыл түрде өзгертілуі тиіс шикі заңдардан көреді. Мысалы, бөтен адамның денсаулығына орташа және ауыр зиян келтірсең, қылмыстық бап бар, ал отбасы мүшесіне келгенде ондай сорақылық (тұрмыстағы зорлық-зомбылық) неліктен әкімшілік іске жатқызылады?
Сондықтан бұл — заң шығарушыларға жүктелген кезек күттірмес міндет. Әйтсе де, кейбір депутаттар мүлде басқа мәселеге бас қатырады. Мысалы, бір айдан бері «электросамокатпен жүру үшін жүргізуші куәлігі керек пе, жоқ па?» деген сауалға жауап іздеп жатыр. Әлі кәмелетке толмаған, жол ережесін білмейтін бозөкпенің өзіне ғана емес, өзгенің де өміріне қауіп төндіретіні айдан анық болса да.
Жастардың өмірін жалмаған «синтетика»
Нашақорлық та күн санап қанат жайып барады. Қазір «тұз» деп аталатын синтетикалық есірткі оқушылар мен студенттер арасында кең таралды. Ең сорақысы, бұған жастар ғана әуес емес екен. Ауыр нашақорлыққа шалдыққан анонимді пациенттер қалпына келтіру терапиясы курсынан өтетін ірі рехаб директоры сұхбатында айтқандай, оның клиенттері арасында табысты менеджерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер бар. Синтетикалық есірткі алғашқы қабылдаудан бастап тұрақты тәуелділікті тудырады. Адам оны бірнеше жыл бойы тұтынуы мүмкін. Содан ол қалыпты жайт көрініп, әдеттегі өмір салтын ұстанады. Айналасындағылар оның нашақор екенін білмеуі де мүмкін. Алайда бұл жандардың ғұмыры тым қысқа, ең көбі 3-5 жыл өмір сүреді. Уақыт өте келе тәуелділік күшейіп, психиканаың бұзылуына әкеп соғады. Бұл әдетте, жүректің тоқтап қалуымен аяқталады: синтетикалық препараттар тұрақты тахикардия мен аритмияны тудырады, бұған жас ағза да төтеп бере алмайды.
Міне, осы мәселені түбегейлі шешетін уақыт келді-ау? Мәселен, Қытай, Филиппиндер және т.б. елдердің тәжірибесіне қарасақ, қатаң жазалау арқылы есірткі сатушыларға шек қоя алды.
Ажал апанына итермелейтін есірткіге қарсы күресудің орнына, мінбердегі депутаттар екі жылдан бері вейпті сынап жүр. Сондағы уәжі — жасөспірімдердің электронды темекіге қызығушылығы. Вейп әу бастан кәмелетке толмағандарға арналып жасалмаған. Бұл темекі шегетін ересектердің ағзасына тигізетін зиянды азайтудың балама түрі ретінде жасалған. Дәрігерлер темекі түтінінде қатерлі ісік пен өзге де ауруларды қоздыратын зиянды заттар бар екенін дәлелдеді. Никотинсіз түтінге жол ашқан электронды темекі әлемде қаупі азырақ өнім болып саналады. Дамыған елдерде билік мұны зиянсыз алмастырғыш ретінде белсенді түрде насихаттайды. Тілге тиек етсек, Ұлыбританияда мұндай тәсілдің арқасында ересек тұрғындардың небәрі 10 пайызға жуығы темекі шегеді (ал 2010 жылы жартысына жуығы темекі шегетін).
Бұл жерде зиянды әдеттің алдын алудың басқа тиімді жолдарын іздеген жөн. Атап айтқанда, жасөспірімдер арасында вейпке қоса, темекі шегудің, сондай-ақ ішімдіктің зардабы мен зияны туралы үгіт-насихат жүргізілсе, дұрыс болар еді. Кәмелетке толмағандарға темекі мен ішімдікті, вейпті де сатуға тыйым салынғанымен, ақшаға құныққан саудагердің ештеңеден тайынбайтыны белгілі. Міне, осындай заң бұзушылықты қалтаға тиетіндей етіп қатаң жазалау керек.
Күн тәртібінде — еңбек қауіпсіздігі
Бүгінде екі қолға бір күрек табу мен әлеуметтік лифт — жастар алдындағы ең өзекті мәселе. Әсіресе, ауыл мен шағын қалаларда. Ірі өнеркәсіп саласында жұмыс орындарын көбірек ашумен бірге, өндірістегі қауіпсіздік мәселесіне мән беретін уақыт келді. 46 кеншінің өмірін қиған Теміртау шахтасында орын алған қайғылы оқиға еңбек қауіпсіздігіне қатысты анағұрлым қатаң әрі жүйелі заңнамалық базаны қалыптастыруды қажет етеді. Сонда Миттал сияқты алпауыттардың адам өмірі мен денсаулығына немқұрайлы қарауына жол берілмейді.
Кәсіби заң шығарушылар ең әуелі осындай кесек-кесек әрі түйткілді мәселелерге мән берсе, қанеки. Бірақ әзірге карта, лотерея және рулетка сияқты тақырыптан аса алмай жатыр. Бір депутат лудомания туралы күн сайын дерлік сұхбат береді, теледидардан түспейтін болды.
Әлеуметтану бойынша кейбір деректер біздің елімізде дамыған мемлекеттерге қарағанда құмар ойынға берілгендер саны аз екенін көрсетеді. Құмар ойынның ешкімге опа бермесі анық. Дегенмен, бұл тақырып біреулер үшін ұпай жинау немесе әлдекімдердің бизнес-мүддесін көксеуге айналып бара жатқандай. Асылы, дәл қазір біздің қоғамда отбасының ойранын шығарған ұрдажық ата-анадан қорлық көрген бала-шағаны қорғау немесе жауқазын жастарды есірткі тұзағынан құтқару кезек күттірмейтін көкейкесті міндет емес пе? Сөзі мен іс-әрекеті популизмге ұқсап кететіндер осыны ескерсе.
Олжабек Байқуатов
Сурет: ғаламтор