Четверг, 28 ноября, 2024

Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165 жылдық мерейтойы өтті

Баянауыл ауданында қазақ ақыны және ойшылы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165 жылдық мерейтойы өтті, онда жүзден астам киіз үй тігіліп, этноауыл бой көтерді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 2006 жылы салынған кесене кешенінде намаз оқылғаннан кейін мерекелік іс-шаралар басталды. Мерекеге облыс әкімі Асайын Байханов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, зиялы қауым өкілдері және өңірдің ғылыми қоғамдастығы қатысты.

Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып, ізгі тілегін жеткізді.

Торайғыров университеті «Мәшһүр жолы» аудиокітабының, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 10 томдық «Таңдамалы шығармалар жинағы» атты аудиокітабының тұсаукесерін, сондай-ақ мәшһүртанушылардың кездесуін өткізді. Бұл іс-шарада Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы, сондай-ақ Мәшһүр Жүсіптің ұрпақтары баяндама жасады. ToU ректоры Еркін Садықов құттықтау сөз сөйледі.

«Бүгін біз Мәшһүр Жүсіпті көрнекті ойшыл, ұстаз және қоғам қайраткері ретінде еске аламыз. Ол нағыз патриот ретінде әрқашан өз Отанына, халқына пайда әкелуге дайын болды. Ол өзінің бар ғұмырын зерттеу мен танымға арнады, білімді жетілдіруге құмар болды және қоғамды ағартушылыққа бағыттады. Мәшһүр Жүсіптің мұрасы туралы айтатын болсақ, оның білім мен мәдениетке қосқан үлесі орасан зор. Баба мұрасын ұрпағы жалғастырып, бүгінде көп еңбек жасалып жатыр», — деді ректор.

Осындай атаулы күнді мерекелеу аясында бәйге мен көкпардан спорттық ойындар, қазақша күрестен жарыстар, сондай-ақ жыршы, термеші және айтыскерлер арасында республикалық байқау өтті.

Сонымен қатар Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген қолөнершілердің қатысуымен Халықаралық Орта Азия жәрмеңкесі, суретшілер көрмесі және спорттық жарыстардың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған