Пятница, 29 ноября, 2024

Мәулен Әшімбаев Мәскеуде қазақстандық студенттермен кездесті

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мәскеуде ресейлік жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттермен кездесті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Сондай-ақ ол сапар барысында ұлтымыздың бас ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоғын қойды және Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының Төрағасы Вячеслав Володинмен кездесті.

Студенттермен кездесуде Мәулен Әшімбаев іс-шараның Қазақстандағы Ғылым қызметкерлері күнімен тұспа-тұс келгеніне назар аударды. Ол талантты, білімді жастар елімізді жаңғыртудың драйвері және Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды күштердің бірі болуға тиіс екенін айтты. Сол себепті Қазақстанда сапалы білім мәселесіне баса мән беріліп, бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.

Сондай-ақ Сенат Спикері қаңтар оқиғасы жастар саясатына қатысты олқылықтарды айқын көрсетіп бергенін айтып, бүгінде Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған ауқымды реформалардың іске асырылу барысына тоқталды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев VIII шақырылған Парламенттің бірінші сессиясында өкілді билік тармағына жас саясаткерлердің жаңа буыны келіп жатқанын атап өтті. Олар қоғамда жаңа құндылықтардың кеңінен дәріптелуіне әсер етуге тиіс. Соңғы жылдары жастарды мемлекеттік басқару саласына жұмылдыру және олардың азаматтық әлеуетін арттыру үшін бірқатар жоба қолға алынып, тиісті заңдарға түзетулер енгізілді. Сенат жанында заң жобаларын сараптауға және Парламент функцияларын іске асыруға жас сарапшыларды тартуға арналған қоғамдық жобалар қолға алынған. Олар – Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубы мен Талдау мектебі. Сіздерді осы жобаларға қатысуға шақырамыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесуде әлемдегі бүгінгі сын-қатерлер мен жас ұрпақтың оларға қарсы тұру мәселесі де әңгімеге арқау болды.

Сондай-ақ Палата Төрағасы өткен ғасырдың 60-жылдарында Мәскеудегі жоғары оқу орындарында оқыған қазақтың болашақ ғалымдары мен көрнекті қоғам қайраткерлері бірнеше буынның басын қосқан «Жас тұлпар» бірлестігін құрғанын айтты.

«Бірлестіктің басты мақсаты қазақтың мәдениетін, руханиятын, өнерін және әдебиетін дәріптеу еді. Оған белгілі ғалым Мұрат Әуезов, ғалым-демограф Мақаш Тәтімов, Қазақстандағы молекулалық биологияның негізін қалаушы Мұрат Айтқожин сияқты ірі тұлғаларымыз мүше болды. Басқа да көптеген белгілі азаматтарымыз осы қалада білім алған кезде бірлестік қатарында болып, белсенділік танытты. Сіздер де осындай игі дәстүрді лайықты жалғастырып, алған білімдеріңізді еліміздің дамуына жұмсайсыздар деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Спикері Ресей Мемлекеттік Думасының Төрағасы Вячеслав Володинмен кездесті. Мәулен Әшімбаев ресейлік әріптесіне биыл 19 наурызда өткен Қазақстан Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауына халықаралық байқаушы ретінде белсенді қатысып, саяси науқанды объективті бағалағаны үшін алғыс білдірді. Сенат Спикері сайлау ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен саяси реформалар аясында өткенін, осылайша Қазақстанның тұтас саяси жүйесін қайта жаңғыртуды көздеген үлкен сайлау циклі аяқталғанын айтты. Одан бөлек, сұхбат кезінде Мемлекеттік Дума депутаттарымен сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық және өзге де салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың құқықтық базасын жетілдіру жөніндегі өзара іс-қимыл перспективаларын талқыланды.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған