Вторник, 26 ноября, 2024

Мәулен Әшімбаев: Парламент палаталарының рөлі мен ықпалы артты

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осы жылдың соңғы жалпы отырысында Палатаның жұмысын қорытындылады.

«Бүгін Сенаттың биылғы қорытынды отырысын өткіздік. Санаулы күндерден кейін Жаңа 2024 жылға қадам басамыз. Өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларда өзгерістерге толы болды. Президентіміз бастаған конституциялық реформалар аясында нағыз саяси жаңғыру жылы болды деуге де толық негіз бар. Парламентке қатысты енгізілген конституциялық өзгерістер биыл қолданысқа енді. Конституциялық реформаның нәтижесінде Парламент палаталарының рөлі мен ықпалы артты. Заң шығару процедурасы өзгеріп, заң жобалары жаңа тәсілмен қарала бастады», — деді М. Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.

Бұл тұрғыда ол жыл басында Мемлекет басшысының Жарлығымен Сенаттың 10 депутаты тағайындалғанын еске салды. Оның бесеуі алғаш рет Қазақстан халқы Ассамблеясынан ұсынылды.

«Сондай-ақ, өңірлерімізде Сенат депутаттарының кезекті сайлауы өтіп, қатарымыз айтарлықтай жаңарды. Сонымен қатар, қаңтар айында Президентіміздің Жарлығымен Парламент Мәжілісі таратылды. Сенат екі ай Парламенттің міндетін абыроймен атқарды. Жалпы, биыл Парламент 92 заң қабылдады. Қабылданған заңдар еліміздің саяси және орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етіп жатыр. Олардың ішінде сот жүйесі, прокуратура қызметі, сондай-ақ, әкімшілік реформа мәселелері бойынша конституциялық заңдар бар. Жаңа «Әлеуметтік кодекс» қабылданғанын ерекше атап өтуге болады. Сонымен қатар, Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару, Қоғамдық бақылау сияқты бірқатар аса маңызды заң қабылданды. Өткен айда 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы негізгі қаржылық құжатымызды бекіттік», — деді Сенат төрағасы.
Оның айтуынша, заң шығару қызметімен қатар Сенаттың тұрақты комитеттері Палата жоспарына сәйкес бірқатар маңызды іс-шара ұйымдастырды. Өңірлік саясат, сондай-ақ, азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелерін талқыға салып, 2 парламенттік тыңдау өткіздік. Сенат қабырғасында 6 Үкімет сағаты, 80-нен астам дөңгелек үстел отырысы мен көшпелі отырыстар өтті. Маңызды мәселелер бойынша Үкіметке 180-ге жуық депутаттық сауал жолданды.

«Жыл аяқталғанымен, депутаттық қызметіміз жалғаса бермек. Ертеңнен бастап сіздердің өңірлерге сапарларыңыз басталады. Сапар барысында тұрғындарды алаңдатқан өзекті мәселелерге баса мән беруіміз керек. Халыққа қабылданған заңдардың маңызын кеңінен түсіндірген жөн», — деді Мәулен Әшімбаев.

ARDA-Aqparat

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған