ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайнар Абасов түркістандық мақташылардың мәселесін көтеріп, Үкіметтен шара қабылдауды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Түркістан облысындағы мақташылар ала жаздай еңбек етіп өсірген өнімін сата алмай отыр. Өздеріңізге белгілі Қазақстан мақта өндіруге дүниежүзінде ең қолайсыз өңірлердің бірі. Оның үстіне топырақтың сорлануы мен ағын судың тапшылығынан ол жерлерде басқа дақыл егуге мүмкіндік жоқ. Сондықтан шаруалар мақта егуге мәжбүр. Мақта өндірісі – шаруалардың негізгі табыс көзі. Сондықтан қазіргі жағдай елдегі әлеуметтік шиеленісті тудырып отыр. Шаруалар несиелер және басқа қарыздары бойынша есептесе алмай отыр. Сонымен қатар күзгі агротехника шараларын өткізуі, қысқа отынын, малына азығын дайындауы қажет», — деді Қайнар Абасов ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында.
Халық қалаулысының айтуынша, Түркістан облысында 1 миллионнан астам тұрғынның әлеуметтік-экономикалық жағдайы мақта өндірісімен байланысты.
«Қаражаттың болмауына байланысты шаруалар агротехника шараларын толық көлемде жүргізе алмайды. Сапалы тұқымдардың болмауы жоғары өнім алуға мүмкіндік бермейді. Орташа өнімділіктің, мақта бағасының төмендігі шаруаларды қатты қүйзелтіп отыр. Бұған негізгі себеп, өндірілген өнімнің басым көпшілігі делдалдар арқылы экспортқа шығарылады. Ал импорттаушы елдерде (Еуропа, Түркия) энергия бағасының күрт өсуіне байланысты мақта талшығын өңдеудің өзіндік құны едәуір өскендіктен мақта талшығына сұраныс күрт төмендеді. Бұл жайт экономикамыздың сыртқы факторларға тәуелділігін тағы да көрсетіп отыр», — дейді ол.