Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Ұлттық қордан балаларға төлем жасау қалай жүзеге асырылатынын айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылап жатыр.
«Қазіргі таңда жаңа Қазақстан – әділетті қазақстан қоғамын баршамыз бірге құрған кезеңде ең негізгі келелі мәселелердің бірі – ұлттық байлықтың теңдей бөлінуі. Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосудың негізгі тетіктері әзірленді. Әзірленген жобаға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын жыл сайын екі мақсатта пайдалану үшін кәмелет жасына толмаған балаларға теңдей бөлу ұсынылады», — деді ол.
Депутат атағандай, төлем тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе тұрғын үй сатып алуға бөлінеді.
«Бұл мақсатта қаражатты тек Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат етіледі. Бұл мақсатта баланың ел ішіндегі оқу орындарымен қатар шетелдік оқу орнында да оқу ақысын төлеуін шектемеу қажет деп пайымдаймыз. Бір сөзбен айтқанда, бұл кәмелетке жаңа толған қазақстандықтардың ересек өмірге қадам басқан кезінде бастапқы капиталды алуға мүмкіндік береді», — деді ол.
Ол атағандай, Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейін барлық жастағы балалар арасында теңдей бөлінеді.
«Инвестициялық табыстың жекелеген уақыт аралықтарындағы ықтимал теріс мәндерін болдырмау мақсатында оның 18 жылдағы орташа жылдық мәні негізінде (2,6 % мөлшерінде) айқындау жоспарлануда. Осы Заң жобасы аясында Парламенті Мәжілісі депутаттарының бастамашыл тобы мемлекеттік органдармен бірлесіп, 6 кодекс пен 10 Заңға толықтырулар мен өзгертулер әзірленді», — деді ол.
Шапақтың айтуынша, 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады.
«Көрсетілген кезеңде азамат тарапынан талап етілмеген жағдайда шоттағы қаражатты сол адамның зейнетақы шотына аудару ұсынылады. Осылайша, қаралып отырған Заң жобасы Мемлекет басшысының 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосуға қатысты тапсырмасын іске асыру үшін қажетті жағдай тудырады», — деді депутат.