Понедельник, 25 ноября, 2024

«Медеуов пен Бесбаев жастарға орын берсін»: Саят Медеуов жас әншінің ренішін келекеге айналдырды

Қазіргі хит әндердің орындаушысы, жас әнші Әлімжан Кеңес өнер әлемдегі аға буын әншілерге өз ренішін жеткізген болатын. Шоу-бизнес әлемінен ойып тұрып орын алған танымал тұлғалардың барлығы жас әншілерге қолдау көрсетуі керек деп ойлайтынын айтқан хитменнің сөзін әнші Саят Медеуов әзілге айналдырды, деп жазады Arda-ақпарат.

Осыдан біраз уақыт бұрын әнші Әлімжан Кеңес өнер әлеміндегі ағаларынан ең болмаса сөзбен, кеңеспен қолдау күткенін жасырмаған еді. «Алматы қаласына арман қуып, 2012 жылы келдім. 2017 жылдан бастап ән жаза бастадым. Ағалардан, әпкелерден қолдау күткенім рас. «Аралдан шыққан әнші екенсіз. Жеңшемді де танимын» деген жерлерде қолдау болмады. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Тек жерлестерден ғана емес, көп әншіден көмек күтеді екенсің.

Бірақ олар да бізге қолдау көрсетуге міндет емес. Қолдау тек ақша, дүниемен саналмайды. «Мына бейнебаянды түсіргенде осылай жаса», «Халықтың арасында осылай жүр» деген сөздің өзі бір үлкен қолдау.

Әділет Жауғашар, Жандос Қаржаубай, Мәлік Жамбылұлы және менің шыққанымызға 3-4 жыл болды. Төртеуіміз де не жаңажылдық түсірілімдерге, не үлкен концерттерге қатыса алмай жүрміз. Мұның себебі: алдыңғы буын әншілердің біз жайлы айтпайтынынан, жарнама жасамайтынынан. Мәселен, Алтынбек Қоразбаев заманында қаншама әншіге көмектесті. Саят Медеуов, Мейрамбек Беспаев, Жұбаныш Жексенұлы, Медеу Арынбаев, Төреғали Төреәлі, Ернар Айдар, Нұрболат Абдуллин, барлығы бізге қолдау көрсетуі керек деп ойлаймын. «Бізді шақыра бергенше, соларды неге шақырмайсыңдар? Біз келеміз де баяғы әнімізді айтамыз. Одан не шығады» деп айтуы қажет», — деген болатын Әлімжан Кеңес.

Ал Саят Медеуов Instagram парақшасында Әлімжан Кеңестің ренішіне әзілмен жауап қайтарған.

«Бізде екі-ақ микрофон қалған ба не? Өткенде концерттен кейін қалдырып кетіп едім ғой. Мейрамбек Бесбаев екеуін де алып кетпесе, бағана байқамаппын. Мейрамбектің көзқарасы жаман, «Жастар жаман өлең айтып кетпесін» деп микрофонды бермей отыр-ау», — деп күлді Саят Медеуов.

Бұл жазбаның астына Мейрамбек Бесбаев пікір қалдырып, Саят Медеуовті қолдай кеткен.

«Саят Медеуов, «Бере салайық» деп айттым саған», — деп пікір қалдырды Мейрамбек Бесбаев. 

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған