Бұл туралы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хабарлады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Былтыр біз бес томдық «Ислам энциклопедиясы» ғылыми жобасын әзірлеуді қолға алдық. Бүгінде аталған жобаға 70-ке жуық дін, тарих, мәдениет саласының мамандары, ұстаздар мен ғалымдар атсалысуда. Биыл «MUFTIYAT» баспасынан «Ислам энциклопедиясының» І, ІІ, ІІІ томдарын жарыққа шығарамыз.
«Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» атты еңбекті әзірлеп қойдық. Сонымен қатар «Дін мен дәстүр» кітабының үшінші томын халыққа таратамыз. Осыған дейін «Дін мен дәстүр» кітабының екі томы шыққан болатын», – деді Бас мүфти.
Бүгінде Діни басқарма халықтың, әсіресе жастардың патриоттық сезімін ояту бағытында көптеген жобаларды жүзеге асырып келеді.
«Халықты оятқың келсе, оның тарихын оят» деген сөздің мәні тереңде. Медресе-колледждердің оқу бағдарламасына факультатив дәріс ретінде «Алаштану», «Тұлғатану» пәнін енгізу туралы бастама көтеріп отырмыз. Мақсатымыз – болашақ дін мамандарын ұлтжандылық пен отансүйгіштікке баулу», – деді спикер.