Вторник, 26 ноября, 2024

Жоғары сынып оқушылары мен түлектерге кәсіптік бағдар беретін жоба басталды

Орталық коммуникациялар қызметінде «Болашаққа сеніммен» кәсіптік бағдар беру жобасы таныстырылды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Жобаның мақсаты – жоғары сынып оқушылары мен түлектерге болашақ мамандығын таңдауға көмектесу үшін алаң құру, сонымен қатар менторлардың қазіргі ең өзекті мамандықтары туралы пайдалы ақпаратпен бөлісу.

Жоба шеңберінде «Болашақ» қауымдастығының өкілдері мектептерді аралап, оқушыларды шетелдік және отандық жоғары білім беру жүйелерінің ерекшеліктерімен таныстырды. Ғылым және жоғары білім министрлігі аталған жобаны қолдап отыр. Бұл туралы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгінде барлық мектептерде кәсіптік бағдар берумен айналысатын мамандар бар.

«Жас буынның болашақ мамандығын дұрыс таңдауына ықпал ету өте маңызды. Сондықтан Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан «Мамандығым – болашағым» атты жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында да 1 млн-ға жуық мектеп оқушысын кәсіби диагностикадан, тестілеуден өткізу жоспарланып отыр. Бұл жерде әр баланың ерекше қабілеті ескеріледі. Бұл ғылыми тұрғыдан жасалған жүйе», – деді спикер.

Менторлар мамандық таңдау, карьера құру, мақсат қою және оған жету, уақытты қалай дұрыс пайдалану керектігі туралы тәжірибелерімен бөліседі, сонымен қатар өз мамандығы туралы айтып, өз саласында қандай қиындықтарға тап болғанын атап өтеді.

«Біздің басты мақсатымыз – мектеп оқушыларының кәсіби еңбек әлемі туралы түсініктерін кеңейту, олардың кәсіптік даму бағытын табуға көмектесу.

2021 жылдың қыркүйек айынан бастап Қауымдастық Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Орал, Қарағанды және Ақсай қалаларының 43 мектебінде 3000-ға жуық жоғары сынып оқушыларының қатысуымен семинарлар өткізді.

Біз алдымызға ауқымды мақсаттар қойдық – биыл еліміздің 500 мектебінде семинарлар өткізу. Еліміздің шалғай аймақтарындағы мектептерге ерекше көңіл бөлінетін болады», — деді «Bolashaq» қауымдастығының кеңес мүшесі Мұхтар Манкеев.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған