Президент – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен «Жағалау» оқу-жаттығу полигонында «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиыны өтті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Қасым-Жомарт Тоқаев оқу-жаттығу жиынын бақылау мұнарасынан тамашалады.
Әскери әдіс-тәсілдер көрсетер алдында Мемлекет басшысына генерал-майорлар Болат Жорабаев пен Алмаз Жұмакеев қорғаныс операциясы кезіндегі Арнаулы операциялар күштері мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әрекеті жөнінде баяндады.
Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бригадалық-тактикалық топтары авиацияның қолдауымен, сондай-ақ Құрлық әскерлері және Арнаулы операциялар күштерінің бөлімшелерімен бірлесе отырып, судан өту арқылы қарсы жағалаудағы жау шебін басып алу үшін тактикалық іс-қимыл жүргізді.
Ал Арнаулы операциялар күштері мен Ұлттық ұлан бөлімшелері шартты жау қолына өткен Қапшағай ГЭС-ін азат етті. Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері техногендік апат салдарын жоюмен айналысып, халыққа гуманитарлық көмек көрсету міндетін атқарды.
Қарулы Күштердің Бас штабы әзірлеген бірыңғай жоспар мен мақсатқа сәйкес әскерлер оқу-жаттығу жиыны өтетін аудандарға стратегиялық тұрғыда қайта топтастырылды.
Атап айтқанда, Әскери-теңіз күштері авиацияның және Арнаулы операциялар күштерінің қолдауымен Каспий теңізі акваториясындағы экономикалық қызмет нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарындағы полигондарда да осындай оқу-жауынгерлік міндеттер орындалды.