Среда, 27 ноября, 2024

Мемлекет басшысы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті қабылдады

Мемлекет басшысы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті қабылдады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Президентке Қонаев қаласында академиялық қалашық салу жұмыстары басталғаны туралы есеп берілді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа былтыр халықаралық университеттердің үш өкілдігі ашылғаны және биыл бес жаңа филиал ашылатыны жөнінде мәлімет берілді.

Бұдан бөлек, министр 2023-2029 жылдарға арналған Жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасының жобасын ұсынды. Құжатта аталған саланы дамытудың барлық стратегиялық міндеті мен көрсеткіші қамтылған.

Мемлекет басшысына ғылыми қызметкерлердің жалақысы 2 есе өскені және іргелі зерттеу жұмыстарымен айналысатын ҒЗИ-ды тікелей қаржыландыру мәселесі жөнінде баяндалды. Алдағы 3 жылда ғылыми жұмыстарды қаржыландыру 3,5 есеге артады.

Министрлік студенттер мен магистранттардың стипендиясын кезең-кезеңмен өсіруді және студенттер жатақханаларында 7 жыл бойы жыл сайын жаңадан 10 000 орын ашуды жоспарлап отыр.

Саясат Нұрбектің айтуынша, 15 өңірлік және 5 педагогикалық ЖОО базасында ғылымды әкімшілендірудің жаңа моделін енгізу және академиялық басымдық орталықтарын құру мәселесі пысықталып жатыр.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары білім алуға қолжетімділікті арттырудың және университет инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ жуық арада ғылымды әкімшілендірудің жаңа моделіне көшу қажеттігін айтты.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған