Четверг, 28 ноября, 2024

Мемлекет басшысы журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

«Құрметті журналистер!

Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Әділетті Қазақстанды құру үшін қоғамда құндылықтар жүйесін жаңғыртып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудың мән-мағынасы зор. Бұл бағытта еңбекқорлық пен білімпаздықты, адал азаматқа тән қасиеттерді дәріптейтін масс-медиа өкілдері айрықша рөл атқарады.

Бұқаралық ақпарат құралдары азаматтық диалог жүргізудің ашық алаңына айналып, мемлекет пен қоғамның өзара байланысын нығайтуға зор үлес қосып жүр. Еліміздің журналистері озық ой мен тың идеялардың таралуына дәнекер болып, азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді көтереді. Сондай-ақ оқиғаларды жан-жақты зерделеп, популизм мен арандатушылыққа тосқауыл болады. Бұл – айрықша маңызды миссия.

Отандық медиа саласы қаламы жүйрік, ойы ұшқыр тілшілер қауымының кәсіби біліктілігі мен күнделікті тынымсыз еңбегінің арқасында дамып келеді. Қазақстан журналистері – өз ісінің хас шеберлері ғана емес, азаматтық ұстанымы берік патриоттар.

Осындай жауапты қызметте әрдайым абырой биігінен көріне беріңіздер! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және шығармашылық табыс тілеймін!» – деп жазылған Ақордада жарияланған Президент құттықтауында.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған