Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов мемлекет қаржыландыратын спорт түрлеріне тоғызқұмалақ пен асық атуды қосуды ұсынды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Ұлттық спортты дамыту міндеті тұр. Бүгінгі күні еліміздің 500 мыңнан аса азаматы ұлттық спорт түрлерімен айналысады. Ол өте жақсы. Бірақ, оны ары қарай дамыту керек. Дәстүрлі спортты балалар арасында дәріптеп, ұрпағымызға дұрыс тәрбие беру міндеті алымызда тұр. Осы мақсатта білім беру ұйымдарында дене тәрбиесі сабақтарында ұлттық спорт түрлері бойынша міндетті компонент қолданысқа енгізілді. Қазақ күресі мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында қаржыландырылатын спорт секцияларының қатарына қосылды. Мемлекеттік спорттық қаржыландырылатын спорт түрлерінің қатарына тоғызқұмалақ пен асық атуды қосу ұсыныстары да түсіп жатыр. Министрлікке мұны да қарауды сұраймыз», — деді Алтай Көлгінов Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.
Оның атап өтуінше, ұлттық спорт саласында Қазақстанның әлеуеті зор.
«Түркияда өткен төртінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жақсы нәтиже көрсетіп, 9 жүлдеге қол жеткізілді. Келесі бесінші көшпенділер ойындары 2024 жылы Қазақстанда өтеді. Соған қазірден дайындалу керек. Федерацияға көмек көрсетеміз», — деді вице-премьер.