Әнші Ғалымжан Молданазар қазақ тілін үйрену мәселесі туралы сөз қозғады. Әнші AIRAN Youtube-арнасына берген сұхбатында Алматыға келген уақытта орыс тілін білмегенін айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Бұрын ауылдан Алматыға келгенде, орысша сөйлей алмайтынмын. Ауылдың баласымын ғой. Дүкенге келіп, қазақша нан сұрасаң, жауап бермейді. Сатушының мені түсініп тұрғанын көріп тұрмын. Сен қиналып, тіліңді сындырып, орысша сұрамайынша жауап бермейтін. Автор ретінде маған құжаттар әкелсе де, барлығы орыс тілінде болады. Терминдері болады, оның барлығын түсінбеймін. Сондықтан авторлық құқық жағынан қиындықтар болды. Адамдардан көмек сұрайтынмын. Қазір орыс тілін адамдармен сөйлесуге жеткілікті үйреніп алдым», — деді Ғалымжан Молданазар. Сонымен қатар өнер иесі қазақ тілін дамыту үшін балаларға арналған ертегілерді қызықты, түрлі-түсті етіп жасауды ұсынды. «Қазақ батырлары туралы ертегіні балаға қызықты, түрлі-түсті етіп жасау керек. Кітапта біздің батырлардың суретін үлкен және қап-қара қылып салады. Кішкентай балаға ол қызық емес. Балаға өрмекші-адам қызық. Өйткені, оның дизайны бар. Батырларды дәл солай салудың керегі жоқ. Бірақ, батырлардың нақышын қалдырып, бала қарағанда қызығатындай қылып салу керек.
Мемлекет тарапынан көп нәрсе істелу керек. Мен айтып кеткен кітап, комикс, мультфильмдерге қажетті қаржы бөліп, ең жақсы маманды шақыру керек. Оны тендер арқылы алады да, ең арзан жұмыс күшін іздейді. Жұмысын енді бастаған оператор, композиторды алып, олар асығыс бірнәрсе түсіріп, телеарналарға тапсырады. Менің балам оны көргісі келмейді, түсінеді. Басқа шетелдік арнада сапасы жақсы туынды болса, арнаны соған ауыстырады», — дейді Ғалымжан Молданазар.