Четверг, 28 ноября, 2024

Мемлекеттік бюджетке 6,1 трлн теңге кіріс түсті

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында 2023 жылғы қаңтар-сәуір айларындағы республикалық бюджеттің атқарылуы бойынша есеп берді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

«Мемлекеттік бюджетке 6,1 трлн. теңге сомасында кірістер (трансферттерді есепке алмағанда) түсті, жоспар 104,6%-ға орындалды. Республикалық бюджетке 4 трлн теңге кіріс түсті. Жоспар 92,3%-ке орындалды. Атқарылмаған бөлігі 336 млрд теңгені құрады. Атап айтқанда, салықтар бойынша жоспардың 369 млрд теңгеге орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығының, шикі мұнайға экспорттық кедендік баждың және қосымша құн салығының есебінен қалыптасты», — деді ведомство басшысы.

Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 258 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 33%-ға немесе 86 млрд теңгеге азаюымен байланысты.

«Сондай-ақ, оған негізгі экспорттық тауарлар бағасының орташа 12%-ға азаюы әсер етті. Шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша жоспардың негізгі орындалмауы экспорттық кедендік баждың нақты қалыптасқан ставкасының болжамды көрсеткішінен 14,7%-ға төмендеуімен байланысты болды», — деді министр.

Министрдің сөзінше, қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмауының себептеріне тауар, жұмыс және қызметтерді өткізу бойынша айналым сомасының 13%-ға азаюы, қосылған құн салығы бойынша қайтарымның 37%-ға артуы, Еуразиялық экономикалық кеңес елдерімен импорт көлемінің 7% азаюы жатады.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған