2023 жылғы қаңтардың бірінші онкүндігінен бастап мемлекеттік шекараның Қазақстан-Қытай учаскесінде Қытай тарапы бұрын енгізілген шектеуді және карантиндік шараларды алып тастайды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Қытай тарапы көлік құралдарын ҚХР аумағына кіргізуге, тасымалдаудың пандемияға дейінгі форматына оралуымен автокөлік құралдарын қабылдауға ниетті. Бұл ретте автокөлік құралдарының жүргізушілерінде визалар, ПТР тесттері, сондай-ақ олардың көлік құралдары халықаралық стандарттарға сәйкес келуі тиіс.
«Шекарадағы шектеулерді алып тастағаннан кейін, бұрын Қытай тарапы белгілеген автокөлік құралдарының сипаттамаларына қойылатын талаптар сыртқы экономикалық қызметке бірқатар қатысушылардың наразылығын тудырды. Себебі олар автокөлік құралдарына қойылатын қатаң талаптар кезінде автокөлік құралдарын қайта жабдықтау бойынша белгілі бір шығындарға ұшырады.
2023 жылғы 9 қаңтарда мүдделі тараптардың жұмысын үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында «Қалжат» өткізу пунктіне ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің басшылық құрамы сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен кездесу өткізді. Жұмыс кеңесі барысында шекара қызметімен, жергілікті атқарушы органдармен және тасымалдаушылармен бірлесіп кедендік рәсімдерден өту, сондай-ақ мемлекеттік шекарадан өту тәртібі туралы қажетті түсініктемелер берілді», — деп жазды ведомстводан.
Кеңес барысында сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар бірқатар сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды.
Мемлекеттік кірістер комитеті кедендік бақылау бойынша шекарадағы жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп отыр.