Четверг, 28 ноября, 2024

Мемлекттік күзет қызметі енді Назарбаевтың қауіпсіздігіне жауап бермейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Мемлекеттік күзет қызметі туралы ереженің жаңа редакциясын бекітіп, тиісті жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Жаңа өзгеріске сәйкес енді Мемлекеттік күзет қызметінің міндетіне Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті — Елбасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету кірмейді.

Айта кету керек, бұған дейін Мемлекеттік күзет қызметінің құзыретіне «Қазақстан Республикасы президентінің, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасының, басқа да күзетілетін адамдардың, объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет шаралары» кірген болатын.

Сонымен қатар Мемлекеттік күзет қызметі тұңғыш президенттің өміріне, денсаулығына, құқықтары мен бостандығына, жеке қадір-қасиеті мен мүлкіне нұқсан келтіретін құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге міндетті болды.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті — Елбасы туралы» Конституциялық заңның күші жойылуына байланысты бұл міндеттер енді алып тасталды.

Жаңа өзгеріске сай енді Мемлекеттік күзет қызметінің міндетіне мыналар кіреді:

  • Қазақстан Республикасы президентінің және басқа да күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

  • Қазақстан Республикасы президентінің және басқа да күзетілетін адамдардың өміріне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының қадір-қасиетіне және меншігіне қарсы бағытталған құқық бұзушылықты анықтау, алдын алу және жолын кесу;

  • күзетілетін объектілерде және күзетілетін адамдар болатын басқа да жерлерде олардың меншігін күзету, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

  • өз өкілеттіктері шегінде терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыру;

  • күзетілетін адамдар мен объектілерге төнетін қатерді болжау және анықтау, олардың алдын алу және бейтараптандыру жөніндегі жедел шаралар кешенін жүзеге асыру;

  • Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының эталондарын күзетуді жүзеге асыру, рәсімдік және протоколдық іс-шараларды орындауға қатысу;

  • президенттік байланыспен қамтамасыз етуді ұйымдастыру;

Қазақстан Республикасының заңдарында және президент актілерінде айқындалатын өзге де міндеттер.

Мемлекеттік күзет қызметі – Қазақстан Республикасының президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күштерге жататын және заңнамада белгіленген құзыреті шегінде Қазақстан Республикасы президентінің, басқа да күзетілетін адамдардың және объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күзет іс-шараларын жүзеге асыратын арнаулы мемлекеттік орган.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған