Воскресенье, 28 апреля, 2024

«Мен саған әкелік махаббатымды сыйладым»

Есікті Жәмила жеңгей ашты.
¬– Амансың ба, қарағым. Көрінбей кеттің ғой?
¬– Іссапармен Көкшетау облысында болып қайттым.
– Келген кім?! ¬¬– деген Баукеңнің қарлығыңқы даусы естілді.
– Келген Мамытбек балаңыз.
Мен аяқкиімімді босағаға қалдырып, есігі ашық тұрған Баукеңнің бөлмесіне ендім. Ол кісі төсегінде ойға батып жатыр екен. «Ассалаумағалейкум, аға» деп қолымды ұсынып едім, алмады.
– Мен әлхамдулла мұсылманмын. Сен кімсің?
– Мұсылманмын.
– Әлхамдулла сөзің қайда?
– Кешірерсіз. Әлхамдулла мұсылманмын.
– Е, енді жөнге көштің. Мұсылманның тәртібі бойынша жуынып-шайынбаған, төсекте жатқан адамға қол ұсынбайды.
¬– Кешірерсіз.
¬ – Қайда жүрсің? Бір-екі телефон соғып, сені ала алмадым ғой.
– Мен Көкшетау облысының Зеренді ауданында іссапарда болдым. Табиғаты да, адамдарының жан дүниесі де сұлу екен.
Өлең жаздың ба?
– Жаздым.
– Оқы.
– Қойын дәптерімді алып «Зеренді» деген өлеңімді оқыдым.

Зеренді, неткен сұлу ең,
Көлдерің көз арбаған.
Өзіңді құлай сүйдім мен,
Асып-тасып арнадан.

Алдымнан шығып анамдай,
Аймалап сүйді самалың.
Сыр шерттім, үнсіз қала алмай,
Таусылып тағат, амалым.

Әлдилеп жанын ізгі үміт,
Ақ қайыңдар билеген.
Қарағай тұрды тізіліп,
Ешкімге бас имеген.

Зеренді, сенім сыйладың,
Мейірімді ең не деген?!
Қоштасарда қимадым,
Мейірімге жан ем шөлдеген.

Көкірегімде сақтармын,
Зеренді деген атыңды.
Үмітіңді ақтармын,
Қабыл ал махаббатымды…

– Шіркін, ел көргенге, жер көргенге не жетсін?! Ондай мүмкіндік енді менде жоқ. Саған жайдан-жай қоңырау шалмайтынымды түсін. Кенет келіп қалған ойымды ұмытпай тұрғанда, тірі кезімде саған айтып кетейін деймін. Тілім байланып, сөйлей алмай қалуым да мүмкін. Әзірше сөйлеуге шамам барда айтарымды айтып үлгерсем деймін. Жай кезде сені мазалағым келмейді. Себебі, сен творчество адамысың.
Мен қызметке жастай араластым. Ешкімнің көңіліне кірбің түсірмеуге тырыстым. Бағынышты адамыңа орынсыз сөз айтсаң, не әділетсіз кінә тақсаң, ол ішінен кек сақтап, орайы келгенде кедергі жасайтынын біліп, әр іске өте сақ қарадым.
Екіншіден, жұрт басшының үлгісімен жүретінін, сондықтан мен ата-анамнан, ауылымнан үйренгендерімді ұлғайтып, билік иелерінің жақсы істеріне, көпшіл, кешірімді мінезіне еліктеп, өзімді де, өзгелерді де сыйлай алатын әдепті, мәдениетті болуға талпындым, Осы күнге дейін ол кісілер есімнен шықпайды. Сен менің Жуалы аудандық атқару комитетінде жауапты хатшы болып істегенімді білесің ғой?
– ¬¬ Білемін.
– Айлық алған күні «бүгін бір жақсылық болатын сияқты» ¬ десіп, екі «досым» жымыңдап қасымнан шықпайтын, маған деген қошамет сөздерін үйіп-төгетін.
Тәртіп сақтап, кеңседен дәл сағат алтыда шығатынымды білетін олар мені сағат төрттен төңіректей бастайды. Сыр бермеймін. Дәл алтыда күні бұрын дайындағанымды ұсынып:
– Мынау сендерге, өсектеріңді айтып, бөсе беріңдер, – дейтінмін қоштасып. Олар қалады. Осылай айлық алған сайын екеуін сусындатып жүрдім.
Өкінішке қарай, олардың өмірі берекесіз өмір болды. Өзің де байқаған шығарсың, ішкілікке құмарлардың өмірі қай бір беркелі өмір дейсің? Өздері өсек айтып, мәселені тудырып алады да, дауласып, жауласып жүреді.
Оларды мен жамандап отырған жоқпын, керісінше, сол күндерімді сағынышпен еске алып отырмын. Әр адам өзінің жұмысын тиянақты істеп, тәртіп талабына сай еңбек етуі керек қой. Оларға мұндай талап ұнамады. Неге деп сұрақ қой.
– Неге?
– Себебі, елдің бәрі өздері сияқты ішкілікке құмартып, біреуді жамандаса, өсек айтса екен дейді.
– Иә.
– Мақтанды десең де, өзің біл, мен таза жүрдім. Бықсық сөзді бала кезімнен ұнатпайтынмын. Біреуді біреу жамандай бастаса, бетін қайтарып тастайтынмын. Олай етпесең, өсекшілерден сақтануың қиын. Олардың зардабын сен де тартқан шығарсың?
– Тарттым.
– Мен олардың үнін шығармаудың жолын жақсы біліп алғанмын.
– Сіздің өсекшілерге қосылмағаныңыз жақсы болған екен. Қосылсаңыз, бір нәрсеге ұрынуыңыз да мүмкін ғой.
– Әлбетте. Олардың ешқайсысы оңған жоқ. Дұрыстап жұмыс істемеді, айтар сылтаулары көп. Ақыры бір-бірлеп қызметтен қуылды. Тәртіпті сақтағанымнан маған ол берекесіздердің ықпалы жүрмеді. Ең жақсысы, басшылардың бәрімен қарым-қатынасым дұрыс болды. Олар жұмысты тындырымды істегеніме қуанып, еңбегімді бағалай білді. Ол кісілерге қазір де рақмет айтамын. Мәселенің бәрі ¬ – өз міндетіңді дұрыс атқаруда ғой.
Менің жұмысым жауапты әрі ауыр еді. Неше түрлі қатынас қағаздарын екі тілде жазып, машинкаға бастыруым, оның қатесін түзетуім керек.
– Өзіңмен өзің, тып-тыныш жүрген адамға жамандық ойлайтындар бар ғой?
– Бар емес, көп. Ешкімге зияның тимеген сенің де аяғыңнан шалды емес пе? Оларға ізденгенің, таза еңбек еткенің ұнамайды, жеткен жетістігіңді қызғанады. Олардың әдеті жұртты өсектемей жүрмейді. Оның бәрін елей берсең, жынданып кетесің.
Біреуді сыртынан сөз етіп, мысқылдап күлуге, мазақтап, өсек айтуға кім құқық берді? Мені де өздеріне тартпақ болды. Оларға мен қосылмадым, өсектерін тыңдамадым. Жікшіл топты жек көрдім. Алғаш сөздерін естіп, ешқандай пікір айтпай жүрдім. Лас іске араласып, арымды былғамайын дедім де, олардан бойымды аулақ салдым. Жолыға қалғанда өздері тәрізді жалпылама тақырыпта ғана сөйлеуге көштім.
Біреуді сыртынан сөз етіп өсектеу – күнә. Оны арамзалар қалыпты жағдай санайды. Өйтуге мүлде болмайды. Ондай өсекшілерден өзім ертерек сабақ алдым. Оларды жаратылысым ә дегеннен жақтырмады. Біреуді өсектеп, сөз ету – босқа кеткен уақыт, өзіңнің ар-ұжданыңа – сын.
Ұстанымым – ешкімге тиіспеймін, тиіскенді аямаймын, басымнан сөз асырмаймын, айқай-ұйқайға бармаймын. Көре алмаушылар, іші тарлар көлденеңдесе, іс насырға шауып, мәселе күрделене түсуі мүмкін. Күрделенсе, күрделенсін, мен өз әділдігімді дәлелдеп, арамзаны тізерлетпей тынбайтынмын. Оттан да, соттан да тайынбайтынмын. Арыма таңба түсіріп тірі жүргенімше өліп кеткенімді артық санайтынмын.
Шүкір ететінім, қайталап айтайын, басшылардың бәрі еңбегімді бағалады. Оларға рақмет. Мен ешуақытта жағымпаз болған жоқпын. Жағымпаз бола алмайтын жаратылысым өзіңе аян.
– Ол бір маған емес, барша жұртқа аян жай ғой.
– Бір бастығым үлкен жиналыста: «Мен Бауыржан Момышұлының арқасында екі қолымды жылы суға малып отырмын», – деді ашық мойындап. Оған мәз болғаным жоқ. Себебі, мен өзімнің азаматтық міндетімді ғана атқарып жүрмін деген ойда болдым. Шынында солай ғой?
– Иә.
– Міндетімді атқардым. Оған сауатым жетті. Барлық кезде істеген ісімнен ши шықпасын дедім. Ши шыққанын жан-тәніммен жек көрдім. Жоғарыдан келген тапсырманы барынша мінсіз, тындырымды атқардым.
Екі күннің бірінде әртүрлі қатынас қағаздар, есеп, анықтамалар жазатынмын.
Ол көп қызметкердің қолынан келмейтін. Мені жазуға машықтандырған Жуалы аудандық атқару комитетінің төрағасы Дүйсенғали Бұрабаев аға. Ол кісі шеберленуіңе өзіңнің бейімділігің де көмектесті дейтін жотамнан қағып.
Толып жатқан қағаздарды орыс тілінде мен жазатынмын. Оларды жазу қиын еді. Оны біреуге айтып мақтанған емеспін. Мақтану – ұят, үндемей, асып-таспай, жасып-жұқармай жүре беретінмін. Бұл менің есейіп ержеткенге дейінгі өмірім.
Кезінде саған айтқаным жоқ, айтуды қажет деп те таппадым. «Бауыржан Момышұлымен тіл табысқан ана Мамытбек Қалдыбаев дегеннің бағы бар екен. «Екінші рет есігімді ашушы болма» деп үйінен талай рет қуып жібергеніне қарамай, Бауыржанға бара беретін көрінеді» деген өсекті де естігем.
– Сізге келе беретінім рас қой.
– Рас болғанда, сен менсіз де өз жолыңды тапқан адамсың. Сөзімді бөлмей тыңда. Сені үйімнен талай рет боқтап, қуып шыққанымда әдейі сынаған едім. Риза болғаным, соның бәріне төздің. Сол төзе білген ұстамдылығыңды бағаладым. Екеуіміздің бір-бірімізге беріліп сырласуымызға жол тауып, уақыт бөліп, мені бір оқ шығармай жеңіп алғаның үлкен жеңіс. Саған өзіме сенгендей сендім. Сенгенім сонша, үйіңе барып, төрт күн «масыл» болып жаттым емес пе?
Мен кімге не айтуды, қандай қиын жағдай кездеспесін не істеуді білетін адаммын. Сенің үйіңе бармай, жалғыз балам Бақытжанның, не Шерхан Мұртазаев, Мекемтас Мырзахметов інілерімнің үйлеріне баруыма да болатын еді. Олардың құшақ жая қарсы алатынын біле тұра сенің үйіңді таңдадым. Неге таңдадыңыз демейсің бе?
– Неге?
– Себебі, туыс інілеріммен, баламмен дәл сендей сырласа алмаймын. Сырласқым келсе де, олар мені дәл сендей түсінбейді. Сен табиғи таза, періште көңіл жансың. Тоқетерін айтсам, ешкім саған ұқсап менімен көкірегін айқара ашып, қарым-қатынас жасаған емес, жасауы да неғайбыл.
Мен талайлармен сыйлас, сырлас болдым. Өкінішке қарай, дәл сендей жаны, ары таза, ұстамды азаматты кездестіре алмадым. Бейнелеп айтсам, тау бұлағының мөлдір тамшысындай мені өзіңе біржола баурап алдың. Ауылымның ақсақалдары тілімен айтсам, сен маған тонның ішкі бауындайсың. Бұл ұрпағымыздың ұрпағына ой сыйлар үлкен өнеге деп білем.
– Екеуіміздің арамызда мүлде күтпеген қолайсыз жағдай орын алғаны бар.
– Ол қандай қолайсыз жағдай?
– Есіңізге салайын. Оған кінәлі менмін. Журналистік куәлігімді жоғалтып, ары іздеп, бері іздеп таппай, редакторым Әбіғұл Қарағұлов ағаға барып, мүшкіл халімді айтып:
– Не істеймін? –¬ дедім қиналып. Ол кісі сабыр сақтап:
– Тағы іздей түс, табылып қалар, –¬ деді. 24-ші желтоқсан сіздің туған күніңіз. Мен, жұбайым, келініңіз Зейнеп Ахметова, немереңіз Ержан төртеуіміз жылда үйіңізге барып, туған күніңізбен құттықтайтынбыз. Бізден басқа дастарқан төңірегінде ешкім болмайтын. Сіз даңғазалықты жек көретінсіз.
Көңілді отырғанбыз. Бір кезде:
– Күміс келін! –¬ дедіңіз қатты дауыстап.
– Не, аға?
– Мен аға емеспін, саған ата боламын!
– Иә, ата. –¬ Жұбайымның даусы дірілдей шықты.
– Мына болбыр байыңды сен таңдадың ба, әлде сені ол таңдады ма?
– Ол таңдады.
– Мен сенің орныңда болсам, басымды кесіп алам десе де, бұған күйеуге шықпас едім. Енді шығып қалған екенсің, амал жоқ. Мә, болбыр байыңның «олжасын» өзіңе табыс етейін, – дедіңіз жоғалтып таба алмай, неше күн іздеп, табанымнан тозған журналистік куәлігімді жұбайыма ұсынып. Бетімнен отым шықты.
– Бұдан басқа біреу болса, шенімді де бастырмас едім. Бұл өзім болған соң, кешірдім, – дедіңіз де, маған тура қарап:
– Жауапкершіліктен жұрдайсың. Куәлігің төс қалтаңнан шықпай, құлыптаулы жатуы керек емес пе? Менің үйіме қалай түсіріп алғансың?! ¬– дедіңіз зекіп.
– Бет орамалымды алғанда түссе керек.
– Куәліктің жауапкершілігі үлкен. Оны қылмыскерлер өз мақсатына пайдаланып кетуі де мүмкін. Бірлі-жарым сен секілділер партиялық билетін жоғалтып алып, жазаға ұшырағанын да білем. Бәрін айт та бірін айт, келін қарағым, көңіліңе алма, бұл болбырды сен ғана емес, мен де жақсы көремін.
Бәріміз жамырай күлдік.
– Иә, ол күн есімде. Екеуіміздің қарым-қатынасымызға айналамыздағылардың қызғанышпен қарайтынын сен сезесің бе?
– Сезем. Сезгендіктен сыр бермей жүрем.
– Оның – ақылдылық. Қызғаншақтардың ешкімге іші-бауыры елжіремейді. Өйткені олар тек өздерін ғана ойлайды.
Өсекшілер «Бауыржан неге жалғыз ұлы Бақытжанмен, не інілері Шерхан Мұртазаевпен, Мекемтас Мырзахметовпен сырласпайды, неге қайдағы үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Мамытбекпен сырласады?» ¬ деп те өздерінше мені айыптап, өсек таратып жүргенге ұқсайды. Мұны естігенде құлазып, елегізіп, далада қалғандай сезінеді екенсің. Түсініп отырмысың?
– Түсініп отырмын.
– Қайсыбірінің «Бауыржанды өзіне «бағындырып» алған Мамытбектің арманы жоқ» дегені де маған жетті. Мен саған «бағыныппын».
Баукең аха-ха-халап біраз күліп алды. Мен де өзімді өзім ұстай алмай күлкіге ерік бердім.
– Бақытжанмен, Шерханмен, Мекемтаспен сені салыстырғанда айырмашылықтарың жер мен көктей. Өзім деші?
– Өзім.
– Ернің ерніңе тиді ме?
– Тиді.
– Сен екі туып бір қалғаным болмасаң да – өзімсің. Мұны айтпасам да білесің, білуге тиіссің. Менімен әңгімелескендегі естігеніңді үйіңе бара салып жазып қоятыныңды құптаймын. Онсыз айтқандарым есіңде тұрмайды. Оған уақыт тауып, тиянақтылық танытқаның – ұқыптылығың. Бұл әдісті мен өз тәжірибемнен білем.
Сен танытқан қызығушылықты, еңбекқорлықты Бақытжанның да, Шерхан мен Мекемтастың да тарапынан байқаған емеспін. Олар сұрақ қойып, ынтызарлық танытса, мен қой демес едім. Өкпелесе екеуімізге емес, өздеріне өкпелесін.
– Сіздің байқампаздығыңызға, ойшылдығыңызға таңғалам.
– Ар-ұждансыздар менің соғыста өлмей тірі қалғанымның, жер басып жүргенімнің өзін қызғанады. Марқұм Кәмешке үйленгенімде, көре алмай, тісін қайрап жүргендер маған жабылды. Тіпті бала кезде интернатта жатып, бірге оқыған «досым» маған қара күйені аямай жақты. Жазушы деген атағы бар «інім»: «қоғамға бағынбайтын адам не аң, не Құдай» деген Аристотельдің сөзін келтіріп, «Қазақ әдебиеті» газетіне көлемді мақала жазды. 1937-ші жылғы «халық жауы» қырғынынан әрең аман қалған «қамқоршыларым» өсек-аяңның ортасында, тасада бұқпантайлап күн көріп жүрсе де, бірін-бірі менсінбейтін, жолыққанда амалсыздан амандасатын олар жала жауып, бәле ойлауды өздерінше мәртебе көрді. Мәңгі өмір сүретіндей болып, бір-бірінің іргесін қазып, жардан құлатқанды аңсады. Бұрынғы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, «халық жауы» атанып тұтқында ұзақ жыл азап шегіп келген кісі арамзалардың қолшоқпарына айналып, мені Жазушылар одағынан, партиядан шығарып, жұртқа қарай алмайтын қарабет ету қамына кірісті. Мен «қоғамға бағынбайтын адам төрт жыл алғы шепте соғыса ма?» деген бір ауыз сөзіммен бәлеқор-жалақорлардың үнін өшірдім.
Біраз ес жиған «қамқоршыларым» қайта шабуылға шықты. Үйіме Қазақ ССР-і Орталық партия Комитеті мәдениет бөлімінің сектор меңгерушісі Еркінбек Жексенбеков телефон соқты.
– Бауыржан аға, Қазақ ССР-і Орталық партия Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Нұрымбет Жандилдин мені сізге жолығып, сөйлес. Жазушылар одағының басшылары «Бауыржан Момышұлының тәртібін бастауыш партия жиналысында қарайық десек, келмейді» деген тәрізді шағым жазыпты. Сол жөнінде сізбен сөйлес, қортындысын маған келіп мәлімдейсің дегенді айтты. Үйіңізге қашан барайын? ¬– деді.
– Сегіз күннен кейін қолым босайды. Сол кезде кел, –¬ дедім. Уақытты әдейі кейінге шегердім. Бәлеқор-жалақорлар «енді не болады?» деген ойда іштей уайым жесін, жүйкелері жұқарсын дедім. Жандилдиннің не ойлағанын, сектор меңгерушісінің не айтатынын біліп отырмын ғой. Жағдай ұшығып, мені құртамын дегендер аласұрып, еліріп алған. Кімді кім «құртар» екен уақытында көрерміз деген ойда үйімде жайбарақат жата бердім.
Сектор меңгерушісі айтқан күні келді. Өңінде үрей.
– Сені Жандилдин жіберді ме?
– Иә.
– Онда айтып бар. Мен өзімнің сүйген әйеліме үйлендім. «Жандилдин «ерлі-зайыптылардың арасына есі кеткен түседі» деген қазақтың мақалын ұмытып, ел-жұртқа күлкі-мазақ болмақ па деді» дегін. Кругом, шагам марш! ¬¬– дедім аузын аштырмай.
Ол кетіп, менің сөзімді айнытпай жеткізіпті.
– Осылай деді ме?
– Иә.
Жандилдин күліпті де, бастапқы ойынан айныпты. Бәлеқор-жалақорлар енді Қазақ ССР Орталық партия Комитетінің бірінші хатшысы Исмаил Юсуповке шағым жазыпты. Мені шақырды, бардым. «Ойымды ауызекі жеткізе алмаймын, қағазға жазайын» дедім. Ол қағаз, қаламсап әкелдірді. «Бауыржан Момышұлы атағым бар, көп қатын алды деген шатағым бар» деген бір шумақ өлеңімді арабшалап жазып, астына «Б. Момышұлы» деп қолымды қойдым.
Мен кеткен соң, Исмаил арабша оқи алмай Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы Қонаевты шақырып алыпты. Ол оқып, мырс-мырс күліп, қандай мәмлегер, «кінәсін мойындапты» депті.
Бірақ оның шындықты айтуы керек еді. Неге бұлай жаздың десе, бір ауыз сөзбен Юсуповтың аузын аштырмас едім.
– Ол бір шумақ өлеңіңізді ел жатқа біледі.
– Білсе білсін. Маған қара күйе жаққан «Қазақ әдебиеті» газеті менен кешірім сұрамады. Кешірім сұра деуге Сәбит те, Ғабит те жарамады. Екеуі де ақсақалдық жасай алмады. Өзіме өзім қол көтеріп не табам деген ойда, кешірім сұрамаса да, кешірдім. Алайда, бір жолы сәті түсіп, есемді қайтардым. Жазушылар одағына барып, екінші қабатқа көтерілсем, төрт бұрышты кең дәлізде Сәбит, Ғабит, Хамит Ерғалев, Қуандық Шаңғытбаев, Тахуаи Ахтанов, Тәкен Әлімқұлов сөйлесіп тұр екен.

Ассалаумағалейкум, Сәбит,
Ассалаумағалейкум, Ғабит.
Ассалаумағалейкум, Хамит,
Енді амандаспаған қалды қай ит? –

дедім түйреп.
Өкініштсі – ағаларым Ғабит, Сәбит топ құрып, бір-бірімен айқасып, алысумен өтті. Білген адамға бұл түкке тұрғысыз нәрсе емес пе? Екеуіне не жетпеді деген ойға еріксіз берілесің.
Бір үлкен жиында кездескен көрнекті ғалым Тұрсынбек Кәкішев «Алыптардың айқасы» деген тақырыпта ізденіп, кітап жазғалы жүрмін деді. Ол турасын айтатын ақиқатшыл кісі еді.
«Алыптардың» пәлендей дерлік ерекше ештеңесі де жоқ. Сендер мектепте оқулықтардан суреттерін көріп, оларға табынып өстіңдер. Менің заманымдағы нағыз алыптар Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Бейімбет Майлыи, т. б.
Адамды құртатын кеудесін кемірген іштарлық, көреалмаушыық. Олардың таланттарымызға әкелерін өлтіргендей өшігетіні сол дерттің дүмпуі. Бір әйел мәселесін желеу етіп, мені Жазушылар одағынан, партиядан шығарып, ел-жұрттың бетіне қарай алмайтын қарабет етпек ойдағылар жермен-жексен болып жеңілді. Жеңілсе де талайды қан қақсатқандар жексұрын әдетін қоймады. Ойлайтындары – жамандық.
Ол әйел «Бауыржанды сүйем, күйеуімді сүймеймін» деп отыр. Бәлеқор-жалақор ақын-жазушылар, шолақ ойлы басшылар «сүймесең де бұрынғы күйеуіңе қайта бар» дей ала ма? Десе, олар ел-жұртқа күлкі-мазақ болмай ма?
Кеңес үкіметінің тәртібі бойынша мен ов, ев боп жазылуым керек еді. Оны қабылдамадым. Ауылымдағы «қамқоршыларым» аздай, Момышұлы болғаным үшін өшіккен ресейлік шовинистердің «ұлтшыл» деген аттан-айқайына да төтеп бердім. «Қазақтың атын әлемге шығарды, халқымыздың бағына жаралған адам» деушілер де табылды. Ешқайсысына селт еткенім жоқ.
– Сіздің атыңызды иеленген балалар республикамыздың түкпір-түкпірінен табылады. Тіпті Қостанай облысында бір орыс әйел баласының атын Бауыржан қойыпты, – деген маған:
– Ондай да бар көрінеді, – деді Баукең ехе-хе-хелей күліп. – Олардың бәріне «нағыз Бауыржан болыңдар, атымызға кір келтірмеңдер» деген тілек білдіремін. Шындыққа жүгінсек, мені Бауыржан Момышұлы еткен халық.
– Сіз туралы: «Қазақ деген сөзбен Бауыржан Момышұлы деген сөз қатар тұрса, жарасады», – деушілер де бар. Сондай дәрежеге жеткеніңізге қуанасыз ба?
– Қуанбаймын, керісінше, шүкір етемін.
– Сіз кейде кез келген адам тіксініп қалатын оқыс мінез танытасыз. Мұндай мінезді сіз адамдарды сынау үшін танытасыз ба?
– Иә, ол рас. Кез келген жанды сынайтыным бар. Сондықтан мен туралы өсектің үш жүз пайызы кездессе де, сенбе. Оның он пайызы ғана шындық болуы мүмкін.
Мен пендемін, қиындықтың түр-түрін көрдім, бәріне төздім. Қалай екенін білмеймін, Алланың жазуы шығар, екеуіміздің тіл табысқанымыз қасиетті құбылыс. Саған айтып қояйын, екеуіміздің сыйласып, сырласуымыз мен үшін – жұмбақ.
Ешкім менімен сендей қарым-қатынас жасап көрген жоқ, жасай алмайтын да еді деген ойдамын. Сенен басқа ақын-жазушылар толып жатыр, ұзын саны алты жүздей. Олар сені көздеріне ілгісі жоқ. Ілмегені ¬ – жақсылық. Бетегеден биік, жусаннан аласа болып жүре бер. Күндердің күнінде сенімен санасатын болады.
Өзімше таңғалатыным, бейне өтірікші-өсекшілерсіз мен өмір сүре алмайтындаймын. «Баукеңмен жақсы қарым-қатынастамыз» десіп, сыртымнан бөсіп жүргендерді де естіп, біліп жатамын. Олардан сенің де хабарың бар.
Өтірікші-өсекшілер өздерінше қамқоршы бола қалады. Беті бүлк етпесен «ағайынбыз, мейрамханаға шақырып күттім» дейтін арсыздарды да білем. Сенің тарапыңнан мұндай көлгірліктің көлеңкесін де сезбедім. Мені шынайы, бар ықылас-ниетіңмен сыйлайтыныңа әбден көзім жетті. Менің айтқандарым бойынша жазған екі жүз беттік қолжазбаңды оқып та көңілім тоғайды. Сау сиырдың жапасы емес екеніңе шүбәм жоқ.
Әркімнің көкірегі, өскен ортасы бар. Олардың кім екенін бірер сөзінен, бірер қимылынан-ақ сезе қоямын. Сенің адамгершілігіңді, азаматтығыңды білетіндер де, білмейтіндер де көп.
Мына жалған дүниеден біз кетеміз, басқалар келеді. Ол жаратылыс заңы. Жасым жетпістен асты. Иншалла, бұған да шүкір.
Байқасам, қаламгерлердің біразы отыз жастың төңірегінде, көбі қырықтан аса бере, елуге жетпей, алпыс пен жетпістің аралағында өмірден өтіпті. Ерте кетулері ішкіліктің кесірі-ау, сірә.
Психолог-дәрігерлер жаның қалаған адамыңмен сырласқан денсаулығыңа өте пайдалы дегенді айтады. Шамалауымша, шынында солай тәрізді.
Қызмет істеп жүргенде сөйлесу былай тұрсын, жұртпен амандасуға уақыт жетпей қалатын. Кейбірінің қолын аласың да, қасынан тез өтіп кетесің. Хал сұрауға шамаң жоқ. Ал қартайғанда сені көп нәрсе қызықтырмайды.
Осы Алматыда бір адамға жақсылық жасамайтын академикті білем. Алғаш көргенде-ақ одан күдіктенген едім. Өзіңдей таныс ініме «Бауыржан атағыма бола маған құрмет көретіп жүр» депті. Оңбаған, пасық неменің сөзін естіп, кезі келер дедім де қойдым.
Таныс профессор алпыс жасқа толған мерейтойына шақырды. Сыйласып жүрген азамат еді, бардым. Әлгі бөспе, өтірікші академик екеуіміз төрден қатар орын алдық. Мінезімді білесің. Оған көңілім суып жүрген. Орынсыздау сөйлеген сөзін бетіне салық етіп, «Ей, аузыңды да, артыңды да қысып отыр!» – дедім бұйырып. Төңірегіміздегілер ду күлді.
Ол мен туралы әлгі жігітке «ішіп кеткен» деп те жамандапты. Ол маған айтты. Шап ете қалдым.
– Әй, мен ішіп кеткенге ұқсап тұрмын ба?
– Жоқ, көке, ішіп кетпегеніңізді біліп айтып тұрмын ғой.
– Ол академикпен бір рет шай ішіп те көрген емеспін. Кейін сұрастырып білдім, адамгершілігі нөл біреу екен…Оны ұмытайық. Сен соңғы жазған «Алатауым – Ар тауым» өлеңіңді оқышы? Мен жан қалтамнан қойын дәптерімді алып, Баукең өтінішін орындадым.

Алатауым – Ар тауым,
Әлемді оймен шоласың.
Саған үміт артамын, –
Дегендей де боласың.

Қарай берем көз алмай,
Сенің алып тұлғаңа.
Құпияңды сезе алмай,
Ойға батам мұңдана.

Бабаларым көзісің,
Шүкір сенің барыңа.
Жанашырым өзіңсің,
Кір жұқтырман арыма.

Бабаларым сырын сен,
Шертші маған, өтінем.
Сүйеу болшы сүрінсем,
Сүйші менің бетімнен.

Еркелетші ұлым деп,
Өссін ойым, мерейім.
Мен де көкке күлімдеп,
Қанат қпғып көрейін…

Баукең темекі тұтатып, көк түтінді құшырлана жұта отырып:
– Адамдардың қиялшыл болғаны жақсы. Әсіресе, жастар жақсылықты қиялдауы керек, – деді. – Сен Алатау бейнесі арқылы абыз ақсақал мен ойлы, қиялшыл немере бейнесін сәтті жасағансың. Мен саған әкелік махаббатымды сыйладым. Еңбегің жансын. Сау бол, қарағым, – деді.
– Сау болыңыз, аға.

Мамытбек Қалдыбай,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты,
бауыржантанушы

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған