Алдағы екі жылға арналған «Салауатты өмір салтын насихаттауды күшейту, денсаулық мәселелері бойынша халықтың сауаттылығын арттыру жөніндегі» Жол картасы бекітілмек. Аталған жоспарды Денсаулық сақтау министрлігі көпшілік талқылауға шығарды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Жобаның мақсаты – салауатты өмір салты қызметін дамыту бойынша қойылған іс-шараларды іске асыру. Бұл — салауатты өмір салтын ұстанатын адамдардың үлесін арттыруға, мінез-құлық қауіп факторларының (темекі шегу, семіздік) таралуын азайтуға, денсаулық мәселелері бойынша халықтың сауаттылығын арттыруға, жұқпалы емес аурулардан болатын өлімді азайтуға және өмір сүру ұзақтығын арттыруға мүмкіндік береді», — деп көрсетілген «Ашық» НҚА порталында жарияланған құжатта.
Ұсынылып отырған Жол картасы негізгі 9 бағытты қамтиды:
1. Денсаулықтың профилактикасы мен қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру;
2. Салауатты және ұтымды тамақтануға жәрдемдесу;
3. Дене белсенділігі мен спортты дамыту;
4. Темекі бұйымдарын, алкоголь өнімін және ПБЗ тұтынуды қысқарту;
5. Психикалық және репродуктивті денсаулықты қорғау;
6. Жарақаттануды азайту;
7. Ғылыми-талдамалық сүйемелдеу;
8. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жобаларын іске асыру;
9. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету деңгейінде салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Құжатта жазылғандай, жоспар бойынша мына жұмыстар атқарылады:
— құрамында қант, май, тұзы көп өнімдерді жарнамалауға шектеулер жөнінде ұсыныстар жасау;
— пайдалы (құрамында тұз, май, қанты аз) ұлттық тағамдарға арналған рецептілер кітабын әзірлеу;
— 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың дұрыс тамақтануы бойынша ұлттық ұсыныстарды әзірлеу;
— «Салауатты асхана», «Салауатты кафетерийлер», «Салауатты бистро», «Салауатты дүкендер» атты дұрыс тамақтану бойынша кәсіпорындар желісін дамыту (2023 жыл – 9 кәсіпорын, 2024 жыл – 13 кәсіпорын, 2025 жыл – 17 кәсіпорын);
— БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жариялай отырып, құрамында қант бар сусындарды, құрамында тұзы көп өнімдерді тұтынуды азайту бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысы жөніндегі медиа-жоспарды әзірлеу;
— салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған Е-СӨС (Е-салауатты өмір салты) электрондық платформасын жасау;
— жалпы білім беретін мектептерде, еңбек ұжымдарында жаттығулар кешені бағдарламаларын енгізу;
— темекі шегуден бас тарту жөнінде мобильдік қосымша әзірлеу және енгізу;
— Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «СОЅІ» бастамасы шеңберінде балалардың семіздігін эпидемиологиялық қадағалау бойынша эпидемиологиялық зерттеу жүргізу.
Осы жұмыстарды атқару шеңберінде төмендегі нәтижелерге қол жеткізу көзделген:
— салауатты өмір салтын ұстанатын Қазақстан азаматтарының үлесін 2025 жылға қарай 30% дейін ұлғайту;
— Қазақстан халқы арасында 15 жастан бастап темекі шегудің таралуын 2025 жылға қарай 19% дейін төмендету;
— балалар арасында (0-14 жас) семіздікпен аурушаңдықты 2025 жылға қарай 100 мың халыққа шаққанда 90% дейін төмендету;
— азаматтардың өмір сүру ұзақтығын 2020 жылы 71,37 жастан 2025 жылы 75 жасқа дейін ұлғайту.
Жол картасы 27 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады.