«Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясының негізіндегі толықметражды көркем фильм 21 қыркүйектен бастап еліміздің барлық кинотеатр желісі арқылы үлкен экрандардан ұсынылады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Тарихи туынды Алаш қайраткері, ақын, жазушы Міржақып Дулатұлының 1909-1935 жылдардағы өмір кезеңін қамтиды. Телехикаяда бас кейіпкер Міржақып Дулатовтың рөлін актер Бақыт Қажыбаев, жары Ғайнижамалдың рөлін Зарина Кармен, ақынның қызы Гүлнар Дулатованың рөлін Гүлжан Әспетова ойнады. Сериал режиссері – Мұрат Есжан.
Телехикая былтыр «Qazaqstan» арнасының эфирінен және YouTube желісі арқылы орыс, ағылшын тіліндегі субтитрлермен ұсынылып, үлкен аудиторияның қызығушылығына ие болды.
Сонымен қатар «Міржақып. Оян, қазақ!» сериалы 2023 жылғы тұңғыш «Nauryz» ұлттық телесериалдар байқауында «Үздік сериал» атанды.
«Бүгін Қазақстан ұлттық арнасы түсірген “Міржақып. Оян, қазақ” үлкен экранға шығады. Оның да толғағы жеңіл болмады-ау, сірә. Зарықтырып, алаңдатып барып, кинотеатрдың сайты мен сатылымына бүгін ғана жарияланыпты. Ай бұрын, апта бұрын демейік, күн бұрын қойса да, жұрт жоспарлап үлгерер еді ғой деп күйіп-пісіп біз отырмыз. Ызасына, жұрт басып қалса екен деген тәтті қиял да жоқ емес. Чаттарға таратам десеңіздер, мархабат», — деп жазды фильмнің режиссеры Мұрат Есжан Facebook-тегі парақшасына.