Өткен жылдың соңынан бері «жыр» болған мобильді аударымдарды тексеру мәселесі қайта қаралмақ. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.
«Біз қаржылық-экономикалық блоктың ішінде бұл мәселені қарастырамыз. Өлшем шарттарын, тетіктерін әлі де егжей-тегжейлі қараймыз. Бұл сұраққа қайта ораламыз», — деді ол.
Ал қаржы министрі Мәди Тәкиев мобильді аударымдар бәрібір тексерілетінін тәптіштеді.
«Мобильді аударымдар қалады. Бірақ әлі қараймыз. Жеке кәсіпкерді қалай анықтайсыз? Тағы да айтайын, біз құқықтық мемлекетпіз. Әділетті мемлекетпіз, дұрыс па? Сіз бен біз осы заңның сақталуын қарауымыз керек. Біреулер төлейді, біреулер төлемейді. Әділдік болу керек, яғни бәрі салық төлеу керек. Бірақ әркімнің өз мөлшері болатыны түсінікті.
Сондықтан біз түрлі режимдерді қарастырып жатырмыз. Осы режимдер арқылы салық жүйесі қалай жұмыс істейтінін ойластырып жатырмыз. Бұл бәрін бір арнаға тықсырып тастау деген сөз емес», — деді министр.
ARDA-Aqparat