Қазақстанда педагогтардың кәсіби мерекесі – Мұғалімдер күні енді 5 қазанда атап өтіледі. ҚР Үкіметі тиісті қаулы қабылдады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Үкіметтің ресми сайтында жариялнған мәліметтерге қарағанда, мемлекеттік мерекелер тізіміне сәйкес, республикада Мұғалімдер күні осы уақытқа дейін қазан айының бірінші жексенбісінде тойланып келді. Енді бұл мереке 5 қазанда әлемнің 100-ден астам елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді.
Мұғалімдер күні – білім беру саласындағы қызметкерлердің барлығына ортақ кәсіби мереке. Бұл күні ұстаздар қауымының қоғам дамуындағы рөлі мен еңбегі, оған қосатын зор үлесі аталып өтіледі.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 556 мың педагог еңбек етеді.