Среда, 27 ноября, 2024

Наурызбай қажы Тағанұлы: Рамазан – рухани кемелдену айы

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандықтарды Рамазан айының келуімен құттықтады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Қадірлі отандастар!

Сіздерді исі мұсылман баласы асыға күтетін, он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа бірлік пен береке, бақыт пен шаттық тілеймін!

Рамазан айының қадірі мен қасиетін терең түсінген ізгілер оразаға алты ай қалған сәттен бастап: «Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!», – деп дұға жасаған. Сан ғасырдан бері ислам дінін рухани тірегі еткен халқымыз берекелі Рамазан айын ерекше дайындықпен күтеді.

Сауаптар еселеніп жазылатын айда ауызашар беріп, көмекке мұқтаж жандарға пітір садақасын үлестіріп, үлкендердің алғысы мен батасын алуға тырысады. Оразада игі ниетпен орындалатын ізгі амалдар бүгінде салт-дәстүрімізге айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.

Рухани кемелдену айы – Рамазанда барынша әдепсіз әрекет пен қате-кемшіліктен арылуды көздеген адам әдеп білмес жандардың дөрекі әрекеттерін кешіріп, сыпайы түрде «мен оразамын» деп кешірім жолын ұстанады. Кісінің кемшілігіне сабыр ету де – үлкен сауап, — деді бас мүфти.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған