Вторник, 26 ноября, 2024

«Неге тым ерте кеттің»: Ләйлә Сұлтанқызы өмірден өткен күйеуін еске алды

Ләйлә Сұлтанқызының жұбайы Қайрат Беркімбаев жақында өмірден өтті. Тележүргізуші қайтыс болған күйеуінің бүгін туған күні екенін айтып, желіде жантебірентерлік жазба жариялады, — деп хабарлайды Arda-ақпарат.

«Күнімді қараң еткен қараша сені бізден ерте алып кетпегенде, бүгін сені 57 жасқа толған туған күніңмен құттықтаушы едік. Әр жазған хатыңды, аудио хабарламаңды әлі де тыңдап тұрамын. Ұлдар үшін өзімді барынша ұстауға тырысып жүрмін. Денсаулығымның сыр беріп жүргені болмаса, қолымнан келіп жүрген сияқты.

Арманымыз көп еді. «Үлкен ұлдарды үйлі етіп, қызды қияға қондырдым. Енді осы екеуін аяқтандырсақ» дейтін едің. Айтпақшы, ұлдардан минут сайын хабар алып тұрушы едің, сол әдетке үйренген кенжелерің кішкене қиналып жүрген сияқты. Жігіт қой, білдірмейді. Бірақ кеше Сағадат өксігін ашумен бірінші рет шығарды. Дәл осы сәтте орның қатты білінді. Сен секілді демеу бола алмадым, кешір.

Ұлдарды сүндетке отырғызып, үлкен той жасағанамыз ше? 70-80 жасыңды да «дәл осылай тойлаймын» деген арманың бар еді. Соңғы жылдары екеуіміздің туған күнімізді біріктіріп жасап жүр едік. «Осы жылы Ләйлә, 45-ке толасың. Жыл сайын менің туған күнімді ерекше ұйымдастырып бересің. Биыл туған күніңді дүркіретіп жасап берем» деп уәде беріп едің. «20 жылдыққа ақ көйлек кигіземін, үлкен қып той жасаймыз» деп едің.

Енді қашан?! Неге тым ерте кеттің? «Ұлдардың қызығын бірге көреміз» деген арманымыз қайда? Басымда жауабы жоқ мың сауал ғана. Топырағың торқа, иманың жолдас болып, пейіште нұрың шалқысын», — деді Ләйлә Сұлтанқызы Instagram желісінде.

Естеріңізге сала кетейік, Биылғы жылдың қарашасында Ләйлә Сұлтанқызының жұбайы Қайрат Беркімбаевтың қайтыс болғаны белгілі болды.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған