Налдвейк қаласында Қазақстан-Нидерланды ресми тұлғалар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен инвестициялық кеңесі өтті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Іс-шараға Вестленд муниципалитетінің мэрі Бауке Арендс, «World Horti Center» директоры Пак ван Холстейн, «Dutch Greenhouse Delta» директорының міндетін атқарушы Мирьям Бокестейн, сондай-ақ Нидерланды Корольдігінің Ауыл шаруашылығы, табиғат және азық-түлік сапасы министрлігінің Бас хатшы Ян-Кис Гет және арнайы елші Фредерик Воссенар қатысты.
Вестленд муниципалитетінің мэрі Бауке Арендстің айтуынша, Қазақстан мен Нидерланды соңғы отыз жылда саяси, экономикалық және мәдени салаларда берік және сенімді ынтымақтастық орнатты. Елдер агроөнеркәсіптік, геологиялық барлау, тау-кен өндіру, металлургия және электротехника салаларында бірлескен жобаларды іске асыруды кеңейту үшін зор мүмкіндіктерге ие.
ҚР СІМ Инвестиция комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев Нидерланды Қазақстан экономикасына инвестиция салу бойынша көш бастап келетінін айтты. Соңғы 30 жылда тікелей инвестициялар шамамен 110 млрд долларды құрады және бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Нидерланды Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бестігіне кіреді. Сонымен қатар, соңғы жылдары сауда көлемі тұрақты өсуде. Бүгінде қазақстандық нарықта голландиялық капиталы бар 900-ден астам компания жұмыс істейді.
Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов таныстырды. Еліміздің Еуразия орталығында орналасуы, табиғи ресурстардың көптігі, өндірістің тиімділігі және қолайлы инвестициялық ахуал экономиканың түрлі секторларында, әсіресе агроөнеркәсіптік кешенде жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.
Бұл ретте Нидерланды 2021 жылдың қорытындысы бойынша Еуроодақтағы ең ірі және әлемдегі екінші (АҚШ-тан кейін) ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік экспорттаушы мәртебесін сақтап қалды.