Понедельник, 25 ноября, 2024

Олжас Бектенов: Қосымша құн салығы өспейді

Бүгін Үкімет отырысында биылғы жылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің айтуынша, ең кемі 6 пайыз деңгейінде тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету Үкіметтің осы жылға және орта мерзімді кезеңге арналған басым міндеті болып қала береді.

Оған қоса Олжас Бектенов биылғы қаңтар айында негізгі капиталға салынған инвестициялар небәрі 0,6 пайызға өскеніне назар аударды. Мұндай төмен көрсеткіштер уәкілетті мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің сапасыз жұмысын көрсетеді. Үкімет басшысы осы орайда инвестициялық штаб жұмысын күшейту қажеттігін ескертті. Ал министрлер мен әкімдердің басты міндеті – инвестициялық жобаларды іске асыруға тиімді әрі пәрменді қолдау көрсету.

Қуатты әрі бәсекеге қабілетті бизнес – табысты экономиканың тағы бір маңызды факторы. Сондықтан кәсіпкерлікті дамыту және қолдау – Үкіметтің басты міндеттерінің бірі.

«Жоғары деңгейде өңделген өнім шығаруға, сондай-ақ шығарылатын өнімнің экспорттық әлеуетіне басымдық берілуі қажет. Қаржылай қолдау өндірістің технологиялық күрделілік деңгейіне байланысты көсетілуі керек. Өндіріс неғұрлым күрделі, технологиялар кеңінен қолданылатын болса, кредит ставкасы да соғұрлым төмен болуы немесе кредит мерзімі ұзағырақ болуы керек», — деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ бағаның өсуін тежеу Үкімет үшін басым міндет болып қала береді. Инфляцияны 6-8 пайыз аралығында ұстап тұру үшін мемлекеттік органдар инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенінің сапалы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.

«Кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы былтыр бизнеске 600 млрд теңгеге жуық қосымша құн салығы қайтарылмағанын атап өтті. Сонымен қатар шұғыл шығындарды қаржыландыру үшін бюджетке 2024 жылғы төлемдермен аванс берілген. Бұл дұрыс жоспарламаудың салдарынан орын алған, 2023 жылы түсуге тиіс болған кірістер жоспары асыра бағаланды. Мұндай тәжірибе қайталанбауға тиіс», — деді Премьер-Министр.

Олжас Бектенов қосылған құн салығының мөлшерлемесі көтерілмейтінін айтты: «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қосылған құн салығының ставкасы көтерілмейді. Бюджет кірісін толықтырудың басқа жолдарын іздеуіміз керек. Ұлттық экономика және қаржы министрліктері республикалық бюджеттің шығыстарын да, кірістерін де сапалы жоспарлауды қамтамасыз етуі қажет. Мұнда ең алдымен цифрландыру есебінен салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша пәрменді шаралар қабылдау маңызды».

Қаржылық тәртіпті күшейту, нәтижесіз шығыстарды жою және мемлекеттік бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру маңызды.

«Тағы да атап өткім келеді – экономиканың жоғары қарқынын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді салуымыз керек. Әрбір министр мен өңір әкімі алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін тікелей жауапты болады», — деді Үкімет басшысы.

ARDA-Arparat 

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған