Среда, 27 ноября, 2024

«Оны еш ақтамаймын»: Дәулет Тұрлыханов ұлының адвокаттармен төбелесіне қатысты пікір білдірді

Қазақстанның танымал палуаны, грек-рим күресінен Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері Дәулет Тұрлыханов Алматыда ұлына қатысты оқиғаның мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Бұған дейін Алматыда ерлі-зайыпты заңгерлер Анна Димитриевич пен Олег Чернов жігітінен таяқ жеген қызды жақтап, салдарынан өздері соққыға жығылғаны хабарланған еді. Зардап шеккендердің айтуынша, шабуыл жасаған адам — Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дәулет Тұрлыхановтың ұлы.

«Иә, ол менің ұлым – Нұрасыл Тұрлыханов. Ол — кәмелетке толған адам. Мен оны ешбір жағдайда ақтамаймын, ол барлық әрекетіне өзі жауапты. Оқиға кеше түнде болды. Сүйіктісімен ұрысып қалды, соның салдарынан осы жағымсыз оқиға болды. Өздеріңіз түсінгендей, маған да кез келген ата-ана сияқты мұның бәрін есту оңай емес. Үкімді құқық қорғау органдары шығарады», — деді Дәулет Тұрлыханов.

Нұрасыл Тұрлыханов 2000 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуі немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылуы немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Дәулет Тұрлыханов – грек-рим күресінен қазақ балуаны, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Ол — Олимпиада ойындарының күміс (1988) және қола (1992) жүлдегері. Ол Қазақстанның грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясын басқарды.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған