Среда, 27 ноября, 2024

«Оның не айтқысы келетінін білмеймін»: ҰҚК өкілі Челах ісінде бәрі толық анықталғанын мәлімдеді

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов істі болған Владислав Челахтың Президентке жазған хаты туралы тілшілер сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

«Бұл оқиға болған жылы тиісті қылмыстық іс тергелген болатын. Атап айтқанда, тергеу амалдары толық жүргізілді. Егер басқа да мәлімдемелер болса, оның мән-жайын қарастыруға болады. Қазір ол не туралы айтқысы келгенін нақты білмеймін», — деді А. Алдажұманов Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Сонымен қатар ол бұл іс бойынша Шекара қызметінің ұстанымы тергеу органдарының дәлелдерімен сәйкес келетінін айтты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев Владислав Челахтың Президентке жазған хаты жөнінде пікір білдірді.

Былтыр жыл соңында В. Челах өтініші Бас прокуратураға түсті.

Еске салайық, Қазақстан мен Қытай шекарасында орналасқан «Арқанкерген» бекетінде қайғылы оқиға 2012 жылдың 28 мамырында болған еді. Сол кезде 14 шекарашы мен бір аңшы қаза тапқан болатын. Оқиға орнына жеткен шекарашылар казарманың ғимараты өртеніп кеткенін, оның ішінде 14 өлген адамның мәйіті жатқанын анықтады. Жақын маңдағы аңшылар үйінен аңшының мәйіті табылды. Сол кезде оқиға орнында тірі қалған жалғыз адам – қатардағы сарбаз Владислав Челах ұсталған еді. Алғашында ол әріптестері мен аңшыны өлтіргенін мойындағанымен, кейін бұл айғақтарынан бас тартып, олардың қысыммен берілгенін айтты. 2012 жылдың 11 желтоқсанында тергеу 19 жастағы жігіт 15 адамды атып тастады, содан кейін казарма мен мәйіттерді өртеп жіберді деген қорытындыға келіп, сот оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Қазір Челах жазасын Жітіқардағы «Қара бүркіт» колониясында өтеп жатыр.

2015 жылы Челахтың ісі БҰҰ-да қарала бастады, кейін қазақстандық тұтқын жүгінген БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті оның өз отанында әділ, бейтарап сот ісін қарау құқығынан айырылғанын мойындады. 2019 жылы Челах өз ісін Жоғарғы Соттың кассациялық сатысында қарау туралы өтініш берді. Ол бұзылған құқықтары үшін және үкімнің күшін жою үшін 30 миллион теңге талап етті. Алайда сот Челах ісінде ешқандай заңбұзушылықтар болмағанын мәлімдеп, оның шағымын қанағаттандырған жоқ.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған