Ашық НҚА порталында Оқу-ағарту министрлігі педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының құнын айқындау әдістемесін бекіту туралы бұйрығының жобасын жариялады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Курс ақысын есептеуде қызметкердің еңбекақысы, қажет тауарлар, жұмыстар мен көрсетілген қызметтерді сатып алу шығындары ескерілген.
Сағатына бір тыңдаушыға шаққандағы еңбекақы төлеуге жұмсалатын шығындар нормасы персоналдың жылдық еңбекақы төлеу қорының жұмыс уақытының жылдық теңгеріміне қатынасы ретінде анықталады. Оған оқу процесіне қызмет көрсетуге және сүйемелдеуге қажет тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жұмсалатын шығындар нормасы қосылады. Сонда педагогтердің біліктілігін арттыру курстары қызметінің құны шығады.
Сатып алуға жұмсалатын шығындар:
- жұмыс берушінің бір жыл ішіндегі жарналары (салықтар, алымдар және аударымдар) – 3,23 АЕК;
- тауарларды сатып алуға жұмсалатын шығындар (шаруашылық және кеңсе тауарлары, сертификаттар) –13,86 АЕК;
- жеткізушілердің жұмыстары мен қызметтерін сатып алуға жұмсалатын шығындар – 52,67 АЕК;
- ғимараттардың, құрылыстардың және басқа да негізгі құралдардың амортизациясы – 9,3 АЕК;
- іссапарға жұмсалатын шығындар – 16,95 АЕК (күндізгі бөлімде өткізілетін курстар үшін).
Осы шығындардың бәрін қосып, оны оқу сағаттарының бір жылдағы көлеміне бөлгенде шығындар нормасы шығады. Ал оқу сағаттарының бір жылдағы көлемі жылына білім алушылар контингенті мен оқу курсының ұзақтығын көбейткенде шыққан мәнге тең.
Ал, еңбекақы төлеуге жұмсалатын шығындар нормасына күнтізбелік жылдағы жұмыс уақытының теңгерімі, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына сауықтыру жәрдемақыларын төлеуге жұмсалатын шығындардың жылдық көлемі, педагогтің лауазымдық айлықақысы, коэффициенттер, медициналық сақтандыру аударымдары, міндетті зейнетақы жарналары, білім алушылар саны әсер етеді.