Өскемен қаласында екі ер адам өртенген жер үйден 74 жастағы әжені құтқарып қалды, деп хабарлайды Arda-ақпарат.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Өскемендегі Бажов көшесінде орналасқан жер үйде өрт шыққан.
Үй төбесінің ағаш құрылымдары, шатыры, жиһаз, тұрмыстық техника мен жеке заттар жанған.
«Өрт сөндірушілер келгенге дейін үйдің қасынан өтіп бара жатқан ер адам түтінді байқап қалады. Ол үйдің көршісін оятып, екеуі терезені сындырып, ішке кірген. Бөлмелерді аралап шыққанда қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан 74 жастағы әжені көріп, оны сыртқа алып шығады. Осылайша, олар зейнеткердің өмірін сақтап қалды», — делінген ақпаратта.
Көп ұзамай жеткен құтқарушылар жалпы ауданы 80 шаршы метрді құраған тілсіз жауды толықтай ауыздықтады.
Жеке құрамнан барлығы 8 адам мен 2 техника жұмылдырылған.