Отандық бұқаралық ақпарат құралдары ұлттық брендімізді ілгерілетуге үлкен үлес қосуда. Бұл пікірді Президент БАҚ саласындағы сыйлықтар мен гранттарды тапсыру кезінде айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Бүгін еліміз өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты. Өткен жылы жүргізілген реформалар саяси жүйені жетілдіруге, әрі қарайғы қайта құруларға жол ашуға мүмкіндік берді. Мемлекет, медиа және қоғам арасындағы өзара іс-қимыл әділ Қазақстан құру ісінде берік іргетас болуға тиіс. Бұл ынтымақтастық ашықтық, сенім және адалдық принциптеріне негізделуі керек», — деді Мемлекет басшысы.
Президент бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық сананы жаңартуда, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруда шешуші рөл атқаруы керегін баса айтты.
Сондықтан журналистердің қоғамда еңбек пен кәсіпқойлық культін орнатуға, азаматтардың өз елінің тағдырына жауапкершілікпен қарауын дамытуға жәрдемдесуі маңызды.
«Ол үшін белсенді патриотизм мысалдарын көрсетіп, заманымыздың жалпыұлттық құрметіне лайық шынайы кейіпкерлерін табу керек. Өзін толығымен өз ісіне арнайтын, кәсіпкерлік пен табандылық танытатын адамдар көпшіліктің назарында болуы керек. Отандық бұқаралық ақпарат құралдары біздің ұлттық брендімізді ілгерілетуге үлкен үлес қосуда. Сіздер еліміздің бай тарихи-мәдени мұрасы мен бірегей табиғатын көрсететін қызықты мақалалар мен шығармашылық сюжеттер жасайсыздар. Бұл адамдарға, оның ішінде шетелдік аудиторияға Қазақстанды жақсы білуге және түсінуге, оның әлеуетін толық бағалауға көмектеседі», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.