Ауыл шаруашылығы министрлігінде «Қазақстан Республикасының аумағынан пиязды әкетудің кейбір мәселелері туралы» бұйрық дайындалды. Бұл туралы құжат Ашық үкімт порталында жарияланды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«20 000 (жиырма мың) тонна басты пиязды (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының бірыңғай коды 0102) Қазақстан Республикасының аумағынан үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне әкетуге 2023 жылғы 28 сәуірге дейінгі мерзімге сандық шектеулер (квоталар) енгізілсін»,-делінген қаулы жобасында.
Пиязды экспорттау квота көлемін бөлу «e-Agriculture» агроөнеркәсіптік кешен салаларын басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесінде фитосанитариялық сертификаттар беру кезінде автоматты түрде жүзеге асырылатын болады.
Сондай-ақ, жүйеде квота көлемінің сандық лимиті және бір өтініш берушіге 500 тоннаны құрайтын лимит сақталады. Квоталар өтініш берушілер арасында толық таусылғанға дейін бөлінеді.
Естеріңізге сала кетейік, бағаны тұрақтандыру мақсатында 28 қаңтардан бастап Қазақстаннан пияз экспортына тыйым салынған еді.
Айта кетейік, Ашық үкімет порталында қоғамдық талқылау 29 наурызға дейін болады.