Денсаулық сақтау министрлігі отандық медицинада 3D принтерлерді тіркеп, қолдануды жоспарлап отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев мәлім етті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Отандық медицина саласында 3D принтерлер қолданылады. Бірақ, оның белгілі бір талаптары бар. Біріншіден 3D принтерлер медициналық техника ретінде тіркелуі міндетті. Өйткені, 3D принтерде басып шығарылатын медициналық бұйымдар белгілі шарттарға сай болуы керек. Екіншіден, елімізде әлі күнге дейін бірде-бір 3D принтер медициналық техника ретінде тіркелмеген», – деді Бейбіт Есенбаев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министрдің айтуынша, отандық медицинада 3D принтерлерді тіркеу жоспарда бар.
«Өздеріңіз білетіндей, қазір травматология орталығында жаңа блог салынып жатыр. Жаңа блогта 3D принтерлерді орнатуды болжап отырмыз. Дегенмен қайталағым келеді, 3D принтерлерді қолдану үшін ол медициналық техника ретінде тиісті процедуралардан өтіп, тіркелуі тиіс. Содан кейін ғана қолданысқа рұқсат», — дейді ол.