«Бізде су, электр қуаты, жанармай, жұмыс күші арзан. Бірақ тамақ өнімдері көрші елдермен салыстырғанда қымбат. Неге?» Органикалық өнім өндірушілер одағының директоры Арсен Керімбеков жуырда осындай сауалды ортаға тастады. Ал тиісті мекеме шетелдік тауардың нарықта демпинг (түрлі тәсілмен бағаны арзандату) жасауын салықтың төмендігінен деп есептейді.
Сәрсенбіде Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмірин қосымша құн салығына (ҚҚС) қатысты ұсынысқа пікір білдірді. Қазір мөлшерлемені 12 пайыздан 16 пайызға арттыру жайы талқыланып жатыр. А. Әмірин Салық кодексі бюджеттің кіріс бөлігін арттыруды көздейтінін еске салды. Егер ҚҚС 16 пайызға дейін көбейсе, онда қазынаға қосымша 2-2,4 триллион теңге түседі. Еске сала кетейік, министрлік жазда Ұлттық қордан алдағы жылы 2 трлн теңге қаржы алынатынын хабарлаған.
Вице-министр кәсіпкерлердің «Әсіресе, Ресейден әкелінетін тауар тым қымбат, сондықтан отандық өнім бәсекеге төтеп бере алмайды» дейтін уәжіне тоқталды. Ол мұның себебін қарапайым мысалмен түсіндіріп берді. Терістік көршінің тауары Қазақстанға келіп жатса, сол елдегі өнім жөнелтуші үшін бұл экспорт деген сөз. Ресейде де ҚҚС үшін нөлдік мөлшерлеме бар. Кәсіпкер жергілікті салық мекемесіне келіп, қосымша құн салығын қайтарып беруін сұрайды. Сөйтіп өнімнің өзіндік құнының 20 пайызын (Ресейде ҚҚС мөлшерлемесі – 20 пайыз) алады. Осыдан кейін экспорттық өнімімен небәрі 12 пайыз төленетін елімізге келеді. Оның қалтасында 8 пайыз көлемінде қосымша қаржы бар. Ол осы ақшаға ритейлдегі (бөлшек сауда) аса тартымды әрі қымбат сөрені сатып алады. Дүкенге кірсеңіз, ең өтімді жерде сол тауардың «менмұндалап» тұрғанын көресіз. Қалғанын жарнамаға жұмсайды. Міне, демпинг қайдан шығады, «шетелдік тауар неге арзан?- деген сауалға жауап осы.
Мұндай жағдайда, әрине, отандық өнімнің бәсекеге қабілетті болуы екіталай. Оның үстіне шикізаттың кейбір түріне де әлгі нөлдік мөлшерлеме енгізу көзделген. Әңгіме былтыр сөреде табылмай, біраз айқай-шу тудырған қантқа байланысты. Біздің шекер өндірушілерге қажетті шикізаттың елеулі бөлігі солтүстіктегі көршіден келеді. Демек импорттық «тәттінің» өзіндік құны арзандайды. Бұл өз кезегінде отандық қанттың қымбаттауына әкеп соғады. Ал салық мөлшері 16 немесе 20 пайызға өссе, шетелдік компания ритейл мен жарнамаға қосымша қаржы бөлуге мәжбүр. Онда импорттық тауарды өндіру мен сатуға жұмсаған шығын көбейеді. Демпинг жасай алмайды.
Бізде жеке табыс салығы (ЖТС) 10 пайызды құрайды. Бұл да төмен көрсеткіш болып есептеледі. Ресейде -13 %. Экономикасы өрлеген бай мемлекеттердің бәрінде дерлік жоғары. Атап айтқанда, АҚШ-та (федералдық мөлшерлеме) – 37 %, Норвегияда – 38,2 %, Францияда – 45 %, ал Жапонияда — 55,97%. Қайбір жылы «Француз кино жұлдызы табысының бір бөлігін төлеуден қашып, өзге елдің азаматтығын алды» деген ақпараттың тарауы да бекер емес.
Ал Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Қатарда салықтың мұндай түрі жоқ. Рас, Әмірліктерге қарасты Дубай мен Әбу Дабиде жергілікті деңгейде мұнай-газ бен банк саласы бойынша салық енгізілген. Алдыңғы екеуінде компаниялар үшін 20 пайыз мөлшерінде корпоративтік салық бар.
Еліміздегі ЖТС бірыңғай сипатта. Әркім табыс көлеміне қарамай, 10 пайыз төлейді. Мұндай тәртіп 2007 жылы енгізілді. Оған дейін прогрессивтік құрылым болатын, яғни кіріс көбейген сайын төлем де көбірек. Енді соған оралатын сияқтымыз. Айта кету керек, Америка мен Еуропада осы құрылым қолданыста. Үкіметтің бұл жүйеден не үшін бас тартқаны белгілі. Жер-жерде тапқан табысын жасырып қалу немесе жалақыны конвертпен беру сияқты «көлеңкелі бизнестің» жымысқы тәсілдері байқала бастады. Соңғы жылдары елімізде жаппай цифрландыру операциялардың жария болуына ықпал етті. Әсіресе, сауда-саттық, қызмет көрсету сияқты көптеген салаларда QR жүйесі енгізілгелі дүкен де, жанармай бекеті де күнделікті табысын бұрынғыдай жасыра алмайды.
Өзгеріс өз жемісін берді. Қаржы министрлігі хабарлағандай, «көлеңкелі бизнес» деңгейі төмендеді. Нақтырақ айтсақ, 27 пайыздан 19,75 пайызға дейін азайған. Жыл сайын жиналатын салық 2 трлн теңгеге артты. Осы арада пандемия тұсында мемлекеттің шағын бизнесті қолдау мақсатымен салықтан босатқанын, жеңілдіктің үш жылға дейін созылғанын айрықша атап өткен жөн.
Мақала басында біздегі бензиннің арзан екенін айтып өттік. Көршілердің бөшкелеп әкететіні туралы талай жазғанбыз. 2025 жылы Еуразия экономикалық одағы шеңберінде жанармайға ортақ баға белгіленбекші. Үкімет осыған орай, қозғалтқыш көлемі 3,500-4 000 текше сантиметр болатын көліктерді салықтан босатуды ұсынды. Азамат Әміриннің айтуынша, көлік салығынан жыл сайын 80 млрд теңге түседі. Ал жұмсалатын мұнай өнімдері – 5 млн тонна. Салық арқылы түспейтін қаржының орнын толтыру үшін бензин бағасын 14 теңгеге көтеруді ұсынып отыр.
Салық мөлшерінің төмен болуы кәсіпкерлікті ынталандыру, сырттан инвестор тарту тұрғысынан алғанда тиімді-ақ. Неғұрлым көп табыс табатындар соғұрлым көбірек төлесе, көлемі ұлғайған кірісті әділетті түрде бөлуге мүмкіндік береді.
Салық мөлшерінің деңгейі мен бюджет бүйірінің тоқ болуы тиімді де икемді, жан-жақты ойластырылған ереженің болуына байланысты. Сонда ғана экономика дамиды, халықтың әл-ауқаты да жақсара түседі.
Срайыл Смайыл,
экономикалық шолушы