Вторник, 26 ноября, 2024

«Өзгеру үшін емес, өзгерту үшін келдік»: Ринат Зайытов «Аманат» партиясы құрамына не себепті келгенін түсіндірді

Белгілі айтыскер-ақын Ринат Зайытов бүгін «Аманат» партиясы атынан Мәжіліс депутатына кандидат ретінде, саяси додаға түсетіні белгілі болды. Осы орайда, ақын не себепті «Аманат» партиясы құрамына келгенін түсіндірді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Ринат Зайытов партяиға келу себебін өзінің Instagram парақшасында айтып өтті.

«Өмір жолы шынымен бұралаң-ау… Дәл мен «Аманат» партиясының құрамында болады деп сіздердің мүлдем ойламағандарыңыз айтпаса да түсінікті. «Бұл қалай болып кетті?»- деген сұрақтарыңызға бірінші өзім жауап берейін. Осы сайлауға дейін түрлі жерде елдің сөзін сөйлететін болса, кез-келген мүмкіндіктен бас тартпайтынымды айтып жүргенімді аңғарған шығарсыздар?. Сол мүмкіндіктің үлкені осы «Аманат». Көңілімдегі күннен күнге сөне бастаған үміт қайта тұтанды.

Себебі осы уақытқа дейін өз басым аты мен затынан аулақ жүрген партия әуелі атын өзгерткенде күмәнмен қабылдап едім. Бүгін сол «Аманат» партиясы Қазақстан мемлекетіне оңды өзгеріс жасағысы келетінін көзіме көрсетті. Құрамын 75% жаңартқан партияда: Ерлан Сайыров, Аманжол Әлтай секілді ағаларымды Асхат Аймағамбетов, Мақсат Толықбай, Нартай Аралбайдай замандас-бауырларымды көрдім. Бұл дегеніміз, Ерлан Жақанұлы Қошановтың жаңаша іске кірісуге және жаңа саяси мәдениет қалыптастыруға дайын екенін білдіреді», — деп жазды ол.

Сонымен бірге айтыскер-ақын партияны «өз ойын тиісті жерге жеткізуге апаратын төте жол» екенін атап өтті.

«Өзіме де сол өзгеріске қатысудың сәтін тудырды. Неге тартынуым керек? Ия, мен өз Отанымның әділетті, тұрақты, бір тілді, бір мүдделі шынымен зайырлы мемлекет болғанын армандаймын. Сол үшін де маған бұл – өз ойларымды тиісті жерге жеткізуге апаратын төте жол. Ендеше одан құр қырсықтықпен бас тарту ақылдының ісі емес. Ең бастысы, мәжіліс мінберінен ойымды жеткізу. Ендігі міндет партияның ғана емес, мемлекеттің де келешек жұмыстарына білгенімнің шеңберінде үлес қосу. Басқасының бәрі жай сөз!», — деді ол.

Сөз соңында ақын ештеңеден тартынбайтынын әрі партияға «өзгеру үшін, өзгерту үшін» келгенін қадап айтты.

«Біз – Аманатқа өзгеру үшін емес, өзгерту үшін келдік. Оны өздеріңіз де түсініп тұрсыздар. Жаратушы жар болып, ел қолдаса болғаны. Нартәуекел!», — деп сөзін қорытындылады ол.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған