ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күшi жойылды деп тану туралы» Конституциялық заң қабылданды, деп хабаралайды ARDA-AKPARAT.
Отырыста «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күшi жойылды деп тану туралы» Конституциялық заң жобасы екі оқылымда қаралды.
11 қаңтар күні Мәжілістің жалпы отырысында аталмыш заң жобасы бойынша бірлескен комиссияның құрамына енетін депутаттар іріктелген болатын.
Осылайша Мәжілістен Бекжанов Берік Айдарбекұлы, Ерубаев Серік Сәрсенұлы, Смайлов Ерлан Валерийұлы комиссия құрамына кірді.
Ал 12 қаңтарда Сенат депутаттары бірлескен комиссияның мүшелерін сайлады.
Нәтижесінде аталған комиссияның құрамына сенаторлар Владимир Волков, Сұлтанбек Мәкежанов және Дүйсенғазы Мусин енді.
Былтыр жыл аяғында Мәжіліс төрағасы Е. Қошанов аталған заңның күшін жою мәселесі Парламентте 2023 жылдың басында қаралатынын айтқан еді.
«Сол заңда көрсетілген артықшылықтардың барлығы күшін жояды. Бірінші президентке де, болашақ президенттерге де экс-президентке қатысты нормалар бірдей қолданылады. Егер заң күшін жоса, онда қарастырылған иммунитеттің заңды күші болмайды», — деді Мәжіліс спикері.
2022 жылдың басында Сенат мемлекеттік бастамаларды Елбасымен келісу қажеттілігін жоюды ұсынған.
Былтырғы 2 ақпанда Парламент Елбасы туралы заңға түзетуді қабылдады.
Биыл Конституциялық сот Конституцияның 62-бабының 4-тармағын ресми түсіндіру, нақтылап айтқанда Тұңғыш Президент туралы заңның күшін жою мәселесі бойынша нормативтік қаулы шығарды.
Конституциялық сот «Елбасы туралы заңның Қазақстанда қолданыста қалуына құқықтық негіз жоқ» деп таныды.
Ал кеше, 12 қаңтар күні Нұрсұлтан Назарбаевтың «Құрметті сенатор» мәртебесі жойылды.