Павлодар облысында ақбөкендер саны екі есеге артты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев мәлім етті, деп хабарлады ARDA-AKPARAT.
«Кейінгі бес жылда ақбөкендерді ату, тасымалдау фактілері болған жоқ. Былтырғы жылға қарағанда киіктің бұл түрі екі есеге көбейген, яғни, бүгінде саны 1 318 000 шамасына жетті. Ал 2020 жылмен салыстырғанда 4,5 есеге көбейген», – деді Руслан Төлепбаев.
Сондай-ақ ол Экология министрлігімен киіктердің санын азайту мәселесі қарастырылып жатқанын атап өтті.
«Бірақ киіктерді атуға қатаң түрде тыйым салынған. Мұндай заңсыздықтар болса, 5-7 миллион теңге арасында айыппұл салынады. Сонымен қатар 3-10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – деді иснпекция басшысы.