Среда, 27 ноября, 2024

Павлодар облысында өрттен уланған 5 бала ауруханаға түсті

Павлодар облысында көпқабатты үйдегі өрттен 5 бала зардап шекті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметше, оқиға 9 ақпан күні болған. Сағат 17:55-те 101 нөміріне Ақсу қаласы, Астана көшесінде орналасқан үйлердің бірінде өрт шыққаны жайында хабарлама түскен.

Өрт орнына жеткен құтқарушылар 5 қабатты тұрғын үйдің 1-қабатындағы 2 бөлмелі пәтердің жатын бөлмесінде жеке заттар мен жиһаз жанып жатқанын анықтады. Жалын 12 шаршы метр жерді шарпыған.

«Оқиға орнынан 7 адам эвакуацияланды. Жедел жәрдем бригадасы Ақсу қаласындағы орталық ауруханаға 3 ересек және 6 баланы жеткізді. Кейін 5 бала орташа уланумен ауруханаға жатқызылды»,- делінген хабарламада.

Тілсіз жаудың таралуы сағат 18:20 тоқтатылып, сағат 18:44-те толықтай сөндірілді. Жалынды ауыздықтауға Павлодар облысы ТЖД-нің 8 техникасы мен 16 қызметкері тартылды.

Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған